Құқық қорғау органдары

Конституция күні қарсаңында ІІО-ның салтанатты жиыны өтті

Берік Біләлов – СҚО ІІД бастығы:

– 1995-ші жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституциямыз еліміздің әлеуметтік дамуына үлесін қосты. Басты заңға биыл 21 жыл толады. Тәртіп сақшылары алдағы уақытта да осылай қалтқысыз қызмет етіп, қоғамдық тәртіпті мүлтіксіз қадағалайды деп сенемін.

Бұдан соң Берік Біләлов еңбегі еленгендерді марапаттауға кірісті. Қошеметке бөленгендердің қатарында Мамлют аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Болат Кәрімов та бар. Оған бүгін “Ішкі істер органының үздігі” 2-ші дәрежелі төсбелгісі тағылды.

Болат Кәрімов – Мамлют аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары:

– Мен қызметімді сержант болып бастадым. Кейін лейтенант, аға лейтенант атандым. Қазір Мамлют аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасарымын.

Мерекелік шарада облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің бөлімше бастығы Айдын Ақмағамбетов аймақ басшысы Ерік Сұлтановтың Алғыс хатын иеленді. Оны майорға облыс әкімі аппаратының жетекшісі Мадияр Қожахмет табыс етті.

Айдын Ақмағамбетов – СҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің бөлімше бастығы:

– Бұл марапат біздің еңбегіміздің бағаланғанын білдіреді. Жергілікті полиция қызметі осы жылдың басында құрылды. Негізгі міндетіміз – қоғамдық тәртіпті қадағалап, әкімшілік және қылмыстық заңбұзушылықтардың алдын алу. Жергілікті полицияның арқасында түрлі құқықбұзушылықтардың саны азайды.

Жалпы салтанатты жиында 40 полицей марапатталды. Сонымен қатар, 10 адамға шен табысталды. Жиын соңы концерттік бағдарламамен аяқталды.

 

Риат Шони