МТРА жаңалықтары

Есіл ауданындағы Лузинка селосында “Үміт” бос уақыт өткізу орталығы ашылды

Елді мекендегі жалғыз білім ұясының жұмыс істемеуі оқушылардан бөлек тұрғындарға қиындық туғызған. Өйткені, олардың ауылда қордаланып қалған маңызды мәселелер мектепте өтетін жиындарда шешіліп келген. Енді міне селода жеке кәсіпкерлердің бастамасымен “Үміт” атты орталық ашылуда. Бұл жерде тұрғындар бос уақыттарын өткізеді.

Мұратбек Әбішев – Есіл ауданының әкімі

– Конституция күні қарсаңында селода үлкен қуаныш орнап отыр. Енді мына орталық сіздер үшін жұмыс істейтін болады. Тұрғындар осы жерде бас қосып, әр мерекені тойлауға мүмкіндіктері бар. Мұндай орталықтардың саны Есіл ауданында енді 3-еуге жетті.

Орталықтың ашылуымен жергілікті тұрғындарды Есіл ауданының әкімі Мұратбек Әбішев құттықтап, нысанның салтанатты түрде таспасын қиды.

“Үміт” бос уақыт өткізу орталығында 3 бөлме бар. Нысанда медициналық пункт және “Мәжіліс залы” орналасқан. Ал, мынау – жергілікті тұрғындардың тынығуына арналған бөлме. Мұнда ауылдағы ағайын бірге теледидар көріп, дойбы ойнай алады. Тіпті, осы жерде кітап мен газет-журнал оқып рухани азық алуларына мүмкіндік бар.

Наталья Васянина – “Үміт” бос уақыт өткізу орталығының жетекшісі

–  “Үміт” бос уақыт өткізу орталығын ашуға селодағы барлық тұрғындар ат салысты. Олар кәсіпкерлер бөлген 75 мың теңгеге нысанның ішін сырлап, әктеді. Енді, алдағы уақытта мұнда тоқыма үйірмесі жұмыс істейтін болады. Кішентай жастағы қыздарға тоқуды үйретеміз. Орталықтың ашылуына аудан әкімдігі диван сыйға тартты.

Енді, селодағы әр мереке осында өтеді. Жергілікті 6 әжейден құрылған “Надежда” вокалдық тобының әншілері алдағы Конституция күніне қызу дайындық үстінде. Олар тұрғындар мен елді мекен қонақтарына қазақ, орыс, украин халқының әндерін шырқамақ.

Бұл топтың құрылғанына 25 жыл болған. Осы уақыт ішінде өнерпаз әжелер селодағы түрлі іс-шараларды өткізіпті.

Валентина Пилипенко – “Надежда” вокалдық тобының әншісі:

– Бұл орталықтың ашылғанына қуаныштымыз. Бұрын үйде бос отырғаннан жалығып кететін едік. Енді осында жиі келіп тұратын боламыз. Орталықта ән айтып, алдағы концерттерге дайындаламыз.

Бүгінде Лузинка селосында 49 үй бар. Елді мекенде 150-ге тарта адам тұрады.

 

Култанов Байболат