Спорт

№1 Боулинг орталығында «Көңілді демалыс» атты қалалық балалар турнирі өтті

Гүлнар Мурсалимова – “Bowling Centre №1” ойын-сауық кешені директорының орынбасары:

– Турнирге 6 мен 17 жас аралығындағы 29 бала қатысуда. Сайыстың демеушісі – “Карат” фирмасы. Жарыстың мақсаты – боулинг ойынын өңірімізде дамыту, дене шынықтырумен айналысатын балғындардың санын арттыру болып табылады.

Турнирге қатысып, қызықты ойында өз бағын сынауға «Дарын» мектеп – лицейінің оқушылары да келген. Артур Яковлевтің боулинг ойнап жүргеніне 5 жыл болыпты. Жасөспірім жеңістен дәмелі.

Артур Яковлев – «Дарын» мектеп-лицейінің оқушысы:


–  Бұл спорт түрі өзіме ұнайды. Әлі “страйк” жасаған жоқпын. Бірақ, барлығы алда. Көп ұпайға қол жеткіземін деп ойлаймын.

Бір ай бойы оқушыларын маңызды турнирге дайындаған Руслан Плысюк бүгін тәрбиеленушілерінің ойынын сырттан ғана бақылап тұр. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі шәкірттерім үмітті ақтады деп отыр.

Руслан Плысюк – «Дарын» мектеп-лицейінің дене шынықтыру пәні мұғалімі:

– Менің ұстаздық қызметімдегі басты мақсатым, ол – барынша көп баланы спортқа тарту. Бірақ, боулинг тек спорттық ойын ғана емес, сонымен қатар жақсы көңіл көтеру тәсілі. Сондықтан, біз аталған турнирге үнемі қатысып тұрамыз. Жеңімпаз атанған кездеріміз де болды. Бұл жолы да жақсы нәтиже көрсетеміз деген ойдамын.

Боулинг-орталыққа жаңа кеглилер әкелінген. Твистер деп аталатын олар бұрынғыдай ағаштан емес, пластиктен жасалыпты. Сондықтан, ұзақ уақыт қызмет етуге жарамды. Жуық арада мұнда тағы кішкентай ойыншыларға арналған бес саусақтық шарлар пайда болмақ. Ал әзірге, балғындар өз салмақтарына лайық шарларды лақтыруда.

Денис Коваленко – “Bowling Centre №1” ойын-сауық кешенінің аға механигі:

 

– Шарды 3 саусақпен ұстау қажет. Техниканы сақтаған абзал. Бұл ойында ойыншының тұрысы да көп нәрсені шешеді. Тағы айта кететін бір жайт, ол – шар таңдау. Әр қатысушы өз салмағына сәйкес шар алуы керек. Осындай қарапайым ережелерді сақтау маңызды.

Турнир қортындысы бойынша бірінші орынды Данил Кряжок ұтып алса, екінші тұғырдан Асхат Рақымов көрінді. Ал қола жүлдені Матвей Крысенко қанағат тұтты. Жеңімпаздарға медаль, грамота, естелік сыйлықтар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Тағы оларға орталықта тегін ойнауға мүмкіндік беретін купондар берілді. Айта кетер тағы бір ақпар, келесі турнир мұнда қарашаның 3-і күні өтеді.

Магжан Ахмадина