МТРА жаңалықтары

“Үздік әлеуметтік жобалар” өңірлік конкурсының жеңімпазы белгілі болды

Биылғы байқауда Руслан Растеновтың жобасы үздік деп танылды. Ол болашақта 5 бағыт бойынша жұмыс істемек.

Руслан Растенов – “Қызылжар аудандық мүгедектер қоғамы” ҚБ төрағасы:

– Менің әлеуметтік жобам “Жарқын әлем” деп аталады. Ол 5 бағыт бойынша іске асырылады. Біріншіден, мүмкіндігі шектеулі балаларға қол ұшын береміз. Биыл тұрғындардан ақша жинап, 3 балаға мүгедек арбасын әпердік. Екіншіден, спорттық клуб құрып, мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастарды спорттық шараларға тартамыз.

Бұдан өзге жоба авторы Руслан Растенов Бескөл ауылында оңалту орталығын ашпақшы. Аудан әкімдігі оған ғимарат беру жағынан көмек береміз депті. Қазіргі таңда Қызылжар ауданында 134 мүмкіндігі шектеулі бала тұрады. Руслан Растенов осы жобасын Шымкен қаласында өтетін республикалық кезеңде ұсынуға мүмкіндік алды.

Ринат Елжасов -СҚО Жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары:

– Үздік әлеуметтік жобалар байқауының өңірлік кезеңіне барлығы 21 адам қатысты. Конкурстың шартына сәйкес олар мүгедектерге білім, медицина тағыда басқа бағыттар бойынша қызмет көрсетуі қажет. Және кемі 1 жыл көлемінде жұмыс істеу керек. Мысалы, Ақжан Кәрім Мамлют ауданында педагогтарды тартып, балаларға инклюзивті білім беруді қолға алмақшы. Басқа үміткерлер де түрліше идея ұсынды.

Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандардың арасынан өз кәсібін ашқысы келетіндердің қатары артып келеді.

Анархан Дүйсенова – облыс әкімінің орынбасары:

– Соңғы екі жыл ішінде шағын бизнесті жүргізу үшін 24 адамға мемлекетік бағдарламалар аясында арзан несие берілді. Биыл 265 азамат жұмыспен қамтылды. Үстіміздегі жылы мүгедектерді қажетті құрылғылармен қамту және оларға қызмет көрсету үшін 466 млн теңге бұөлінді. Бұл жұмыстар өңірімізде одан әрі жалғасын табады.

Әлеуметтік жобалар байқауында Руслан Растеновтен бөлек 5 автордың жобасы мақұлданды.

Берік Қасен