Аптадағы маңызды жаңалықтар

Есіл ауданына қарасты “Пушкин” ЖШС жаңа астық кептіретін кешен іске қосылды

Мұратбек Әбішев – Есіл ауданының әкімі:

– Кешен астықты кептіріп қана қоймай оны тазалайды. Құрылғы 1 сағаттың ішінде 100 тонна өнімді артық заттардан арылтады.

Бұл кешен Ресейдің Новосібір қаласында жасалған. Оның құны 44 млн теңге. Қондырғының қуаттылығы күніне 500 тоннаға дейін астықты кептіруге жетеді. Құрылғыны мұнда Петропавл қаласының “СЗК Агро” серіктестігінің мамандары орнатыпты.

Сапарғали Кажин – “СЗК Агро” ЖШС директоры:

– Біз 7-8 жылдан бері осындай кешендерді Ресейден өңірімізге тасымалдаймыз. Осы уақыт ішінде облыстағы шаруашылықтарға 20-дан аса қондырғы қойдық.

Жалпы, “Пушкин” ЖШС-де орақ науқанын тамыздың 16-сы күні бастапты. Іске жең түре кіріскен аграрилердің жұмысы қызу. Дәл қазір олар алқаптарда желдей жүйткіген комбайындармен зығырды жинауда. Гектар берекелігі 10-12 центнер. Бұл былтырғыдан жоғары көрсеткіш. Шаруашылық мамандары бірнеше күннің ішінде 390 гектар жерден ырыс дәнін қамбаға құйыпты.

Игорь Самборецкий – “Пушкин” ЖШС бас агрономы:

– Биылғы жылы біз 15 мың гектарға дән септік. Сонымен қатар серіктестік көктемгі дала жұмыстары кезінде әдеттегі бидай, зығардан бөлек алғаш рет 912 гектарға алатікен шөбін екті. Бұл емдік қасиеті бар өсімдік. Орақ науқанына 1200 адам қатысуда.

Енді бірнеше күннің ішінде шаруашылық 6 мың гектар алқапқа себілген бидайды оруға кіріспек. Жоспар бойынша астықтың берекелігі центнеріне 20-25-тен болады деп күтілуде.

– Бүгінде “Пушкин” ЖШС 24 комбайн бар. Оның 4-еуі биыл Ресейден әкелініпті. Көрші елде жасалған ауыр машинаның қауқары күшті. Олардың әрқайсысы күніне 30 гектардан артық жерден өнім жинайды екен. Енді ауа райы ашық болса шаруашылық мамандары заманауи техника күшімен орақ науқанын 25-күннің ішінде аяқтауды жоспарлап отыр.

 

Култанов Байболат