МТРА жаңалықтары

Ата заң күніне арналған облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

21 жыл бұрын жалпыұлттық референдумда қабылданған басты заңымызда көрсетілгендей, еліміздің ең қымбат қазынасы – адам, оның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары. Бүгінде Конституциямыз мемлекеттің тұрақты дамуына негіз болуда.
Заң мен сот алдында жұрттың бәрi тең. Тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiни көзқарасы немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi кемсiтуге болмайды.

Дастан Исмаилов – СҚО мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

– Конституция – адам құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беретін құжат. Адамның құқығын ешкім аяқасты ете алмайды. Заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады. Біз судьялар заң аясында жұмыс істеп, оның орындалуын қамтамасыз етеміз.

Конституция және соған сәйкес заңдар орындалмай жатса, тұрғындар шағымдарын құзырлы орган өкілдерінен өзге мәслихат депутаттарына да жеткізе алады.

Павел Афанасьев – Петропавл қаласы мәслихатының депутаты, “Бірлік” партиясы СҚОФ төрағасы:

– Бүгінде жергілікті жердегі мәселелерді шешуге мәслихат депутаттары да атсалысады. Құқықтары бұзылып жатса азаматтар сотқа жүгінбей, мемлекеттік емес ұйымдарға келе алады. Осы күні өңірімізде медиаторлар институты дамуда. Дауласқан тараптар кәсіби медиаторлар мен білікті заңгерлердің көмегін ала алады.

Залдағы түрлі ведомство өкілдері мен заңгерлер қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін осындай шаралардың маңызы зор дейді.

Осылайша, жиналғандар пікір алмасып, жұмыстарына қажетті мағлұматтарды өздеріне түртіп алды.


Берік Қасен