МТРА жаңалықтары

Заречный кентіндегі 3,5 шақырым жол жөнделіп жатыр

Бұрындары Заречный ауданындағы көшелердің ой-шұқыры көрініп жататын. Тіпті, көктемгі мезгілде көлік түгілі тұрғындарға жүру мүмкін болмаған. Бүгіндері бұл кемшілік жойылды. Қазір кент ішіне тақтайдай тегіс асфальт төселуде. Айта кетейік, аудан жолдарына жөндеу жұмыстары соңғы рет 20 жыл бұрын жүргізілген екен.

Аян Қасымов – Петропавл қаласы ТКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнiң сектор инспекторы:

– Қазіргі уақытта Мамлютка трассасы мен Заречный ауданы арасындағы 1 мың 800 метр жол жөнделді. Бұл іске қалалық қазынадан 54 млн теңге бөлінді. Бүгінде Петропавл су бөгеті мен кентті байланыстыратын негізгі көше қалыпқа келтірілуде.

Қазір ауданда «Дорожник Ашық аспан» серіктестінінің 10 адамы мен 15 бірлік техникасы жұмыс істеуде. Олар тамыз айының соңына дейін кенттегі жолдарды қалыпқа келтіретін болады. Бұдан бөлек, Заречныйдың кіреберіс жағында да шаруа қызған. Мұнда “Коммунхоз-Петропавл” кәсіпорнының мамандары ағаш бұтақтарды кесіп, бей-берекет өскен шөпті шауып, жол жиектерін әктеуде. Жергілікті тұрғындар аудандағы оң өзгеріске қуанышты.

– Ауданымыздың бұлайша өзгеруіне ризамыз. Барлық жұмыстар жақсы атқарылып жатыр. Әсіресе, жолдардың жөнделгені дұрыс болды.

– Мен бұл ауданда тұрамын. Және осында жиі тауар әкелемін. Әр келген сайын көлікпен батып қалатынбыз. Енді жаңа жол төселгеннен кейін мұндай олқылық болмайды деп ойлаймын.

Жалпы, биыл Петропавлда 1,5 миллиард теңгеге 20 шақырым жол қалыпқа келтірілмек. Ал, бүгінде шаһардағы 7 көшеде жөндеу жұмыстары аяқталған.

 

Култанов Байболат