МТРА жаңалықтары

Өңірдің екі тұрғынына СҚО құрметті азаматы атағы берілді

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі:

– Қайырлы Едіресов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосты. 17 жыл Есіл аудандық ауыл шаруашылығы колледжін басқарып, тағы 8 жыл жергілікті атқарушы билікпен қоян еңбек етті. Депутаттық корпустың жұмысын жандандыруда бұл кісінің қосқан үлесі зор. Ал Иван Квашин көпбалалы отбасыдан шыққан соң, жұмысқа ерте араласады. Ол оның келешекте қандай саланы таңдайтындығын айқындады. Қарпайым агронамнан, Иван Иванович Булаев аудандық райкомның бірінші хатшысына дейін көтеріледі. Осы кісінің ерік-жігері барлығымызға да үлгі.

Жылдар бойы төккен тер зая кетпеді. Бүгін оларға облыстың Құрметті азаматы деген атақ беріліп отыр.

Әрине қос азаматқа қандай мадақ айтсаң да жарасады. Есіл ауданындағы ауыл шаруашылық колледжін бүгіндері барлығымыз білеміз. Ал бір кезде сол оқу орны жабылудың аз-ақ алдында тұрғанда, нақ осы Қайырлы Едіресов оны сақтап қалған.

Құдайберген Қалиев- СҚО Құрметті азаматы, еңбек ардагері:

– Сол қиыншылық уақытында 1992-1994 жылдары Қайырлы Едіресов жанын шүбірекке түйіп осы колледжді сақтап қалуға ат салысты. Қазір сол колледж үлкен оқу орнына айналып отыр.

Өңіріміздің құрметті азаматы – Құдайберген Қалиев өз қатарларына осындай жандардың қосылуына қуанышты. Жиында Иван Квашинның ауыл шаруашылығы саласына қосқан еңбектері жайлы да баяндады.

Құдайберген Қалиев- СҚО Құрметті азаматы, еңбек ардагері:

– Иван Ивановичті нағыз жердің, нағыз еңбектің адамы деп айта аламын. Біз осы азаматқа ұқсағымыз келді. Сондықтан ол жұмыс істеген жерде әлі күнге дейін барлығы жақсылықпен бұл кісіні еске алады. Ашық, адал әрі шыншыл жан.

Иван Квашин облысымызбен құрдас, 80-ге келіп отыр. Ал Қайырлы Едіресов болса, 70 жаста. Соған қарамастан олар әлі де қоғамдық жұмыстан қол үзе қоймаған. Сондықтан бұл азаматтар нағыз марапатқа лайық дейді – облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов.

Ескендір Елеусізов- СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Бұл кісілер көп жылғы еңбегімен, облысқа сіңірген қызметімен осы марапатқа лайық. Сондықтан келешекте де бұл жандар қоғамдық жұмыстан қол үзбей, еңбектері еселене түседі деп есептеймін.

Қос азамат бұл марапат ұстаздарымыздың, достарымыз бен отбасымыздың қолдауының арқасында келіп отыр дейді.

Қайырлы Едіресов- СҚО құрметті азаматы:

– Таза істеген, уақытты санамай істеген жұмыс қашан да бағалы. Бұл маған берілген үлкен баға деп білемін. Мені қоғамдық кеңестің төрағасы етіп сайлады. Халық қандай мәселені қозғап жатыр, соны біздің қоғамдық кеңес қарап жатыр.Құрамына 21 адам кіреді. Ай сайын осындай сауалдарды қарап жатрмыз.

Иван Квашин- СҚО құрметті азаматы:

– 80 жаста болсам да қоғамдық өмірге белсене араласамын. Облыста өтетін ауқымды шаралардан қалмаймын. Өйткені өңіріміздің келешекте де дамып, гүлденуі мен үшін маңызды.

Жиын соңында барлығы естелік суретке түсті.

 

Магжан Ахмадина