МТРА жаңалықтары

Облыста “Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020” мемлекеттік бағдарламасы сәтті жүзеге асуда

Александр Брушкевич – “Брушкевич” ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

– Ауылды жерде тұрғандықтан мал шаруашылығын қолға алуды ойладым. Сөйтіп, өткен жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020” бағдарламасы аясында 3 жылға 2 млн теңге несие рәсімдедім. Бұл ақшаға қой мен 6 бас қамбар ата төлін сатып алдым. Біртіндеп мал санын арттырудамын. Екі адамға жұмыс бердім.

Енді Александр Брушкевич малдарды қыста ұстауға арналған орынды әзірлеп жатыр. Ол үшін өз иелігіндегі қашаны қайта қалыпқа келтіріп, құрылысын өзгертуде. Налобино селосында өз ісін өрге домалатып жатқандардың тағы бірі ерлі-зайыпты Ткаченколар. Отағасы Алексей 3-ші топтағы мүгедек екен. Азамат “Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020” бағадарламасы аясында 4 жылға 1 млн 200 мың теңге несие рәсімдеп, жолаушылар тасымалдайтын автокөлік сатып алып, кәсіптен нәсіп тауып жатыр.

Алексей Ткаченко – “Ткаченко” ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

– Бұрындары ауылда жолаушыларды тасымалдау жағы қиын болатын. Автобустар бар, бірақ олар таңертең және кешкілік мерзімде жүреді. Кейін мен ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие рәсімдеп, автокөлік сатып алдым. Енді Налобино-Петропавл-Бескөл бағытында қатынаймын. Сонымен қатар шалғайда орналасқан Гайдуково ауылына да барамын. Қалаға дейін билет құны 500 теңге тұрады. Таңертең мен түс уақытында қатынаймын. Тұрғындарға өте ыңғайлы.

Уақыт өте келе Алексей Ткаченко алғашқы көлігімен тапқан ақшасын жинап екінші машина сатып алыпты. Оны қазір әйелі Галина Ткаченко тізгіндеп, отбасылық бизнестің дамуына үлесін қосуда.

Галина Ткаченко – “Ткаченко” ЖК жұмысшысы, Қызылжар ауданы:

– Мен жүргізуші куәлігін алғаннан кейін екінші көліктің рөліне отырдым. Онда 6 адамға арналған орын бар. Бастапқы кезде мені рөлге енді ғана отырды деп жолаушылар қорқатын. Бірақ үйреніп кетті. Аптасына бес рет шығып тұрамын.

Жалпы “Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020” бағдарламасы басталғалы бұл елді-мекеннің 7 тұрғыны несие алып, өз кәсібін ашқан екен.

Ләйлә Женсагурова – Налобино селолық округының әкімі, Қызылжар ауданы:

– Жыл басынан несие алуға селолық округтің 2 тұрғыны өтініш берді. Жалпы биыл 102 адам еңбекпен қамтылды. Оның ішінде 43 жұмыс орны тұрақты. Қоғамдық жұмыстарға 12 адам жөнелтілді. Алдағы уақытта да тұрғындарды еңбекпен қамтуға көмектесу бағытында істер атқарамыз.

Налобино селолық округінде бүгінде 1364 адам тұрады. Оның 772-сі еңбекке жарамды. Қазіргі таңда тек 4 адам ғана жұмыссыз отыр екен.

 

Риат Шони