МТРА жаңалықтары

Әлеуметтік нысандардың қысқы уақытқа әзірлігі бақылауда

Жанайдар Әлназиров- М.Жұмабаев аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Облыстық бюджеттен 15 млн теңге қаржы бөлініп, Надежка орта мектебінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тағы жылда дайындалатын мектептер 100 пайыз оқу жылына дайын. Қысқа дайындық жайлы айтар болсақ, аудандағы білім ошақтарына 12185 тонна көмір қажет. Қазір тасып жатырмыз. Айдың аяғында бұл мәселе шешіледі.

Осылай деп баяндаған білім бөлімінің басшысы тағы биыл аудандағы 11 мектептің қазандығы сыртқа шығарылуы тиіс дегенді айтты. Осы тұста қоғамдық кеңес мүшелерінен Жанайдар Әлназировке сұрақтарды жаудырды. Өйткені, аталған шаруа әлі тындырылмаған. Бұл жұмыстар тек 4 оқу ордасында ғана жасалыпты. Қалған 7-уін, яғни ала жаздай үлгермеген істі білім бөлімінің басшысы жылыту маусымы басталғанша аяқтамақ. Әйтеуір шырылдауық шегірткенің күйін кешпесек болды. Мұны қоғамдық кеңес мүшелері де қаперінде ұстап, шаруаның орындалуын бақылауға алмақ.

Болат Қазанов- М.Жұмабаев аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы:

– Қоғамдық кеңес мүшелері ұсыныс жасады. Қазандықтар шығарылмаған мектептерді тексеріп, бақылауға алу жөнінде шешім қабылдадық.

Кейін жиында мәдениет ошақтарының қысқы уақытқа дайындығы талқыланды. Аудандағы 64 нысанды жылыту үшін 717 тонна көмір қажет. Қатты отынның қажетті қоры бүгіндері толығымен жеткізілген.

Алтыншаш Хасенова- М.Жұмабаев аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Бүгіндері мәденит ошақтарында құбырларды жуып-шаю жұмыстары, ал аудандық мәдениет үйінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Кейбір нысандар жылыту маусымына толығымен дайын. Құжаттарын алып үлгерді.

Келесі аудандық қоғамдық кеңес отырысында Булаево қаласы мен елді-мекендерді аббаттандыру мәселелері қарасытырылмақ.

 

Магжан Ахмадина