МТРА жаңалықтары

Теріскейлік балалар мектепке қызу әзірлік жүргізуде

Дарья Тарантова:

– Мектепке тезірек барғым келеді. Жаңа достар тапсам екен. Оқи аламын. Тек ойыншықтарымды қимай жүрмін.

Даша баратын білім ұясында бірыңғай мектеп формасы қабылданған. Әр бала тек сұр түсті киім киюі тиіс. Бұл үшін анасы тігіншіге тапсырыс беріп қойған екен. Белдемше, сарафан және жакетке 17 мың теңге сұрапты. Спорттық костюм мен аяқ киімі тағы бар. Жалғыз баласының мектепке барғаны – ер жеткені. Бұл ата-ана үшін үлкен қуаныш, әрине. Бірақ, қалтамыз бұлайша қағылады деп ойлаған жоқпыз дейді Дашаның анасы Галина Тарантова.

Галина Тарантова, ата-ана:

– Мектепке бірінші рет оқушы даярлап отырмыз. Бірнеше баланы мектепке жіберетін ата-анаға, тіпті қиын екен. Қазірдің өзінде 50 мың теңге жұмсадық. Үш-ақ жейде әпердік. Әрқайсысы 3 мың теңгеден. Спорттық форма 8 мың теңге тұрады. Әзірге, алған жоқпыз. Ал, мектеп формасын тіктірудеміз. Оқу орындарындағы бірыңғай форманың енуі құптарлық жағдай. Себебі, балалар бір-бірінен ерекшелебейді.

Ата-аналарға бірыңғай мектеп формасына тапсырыс беруде туындайтын еш қиындық жоқ. Себебі, биыл өңірде 20 кәсіпорын мектеп формасын тігумен айналысуда. Тігін шеберханаларының біріне кіріп, саудасы қызып тұрған тауардың бағасын білдік.

Елена Кирьякова, “Сокирко” ЖК директорының орынбасары:

– Әр киімнің бағасы әр түрлі. Қыз балаға арналған бір түсті белдемше мен желет 9000 мың теңге тұрады. Ал торлы матадан тігілген, дизайны өзгешелеуі – 12 мың теңге. Бастауыш сыныптағы балаға арналған киім 10 мың, орта жастағы оқушынікі – 13-14, ал жоғары сынып оқушысынікі 16-17 мың теңгені құрайды.

Биыл жаңа оқу жылында Солтүстік Қазақстанда 70 мың оқушы мектеп партасына отырмақ. Оның 9 мыңға жуығы – бірінші сыныпқа аяқ басқалы отырған балғындар.

 

Акбопе Танирберген