МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Дыхание надежды” атты қайырымдылық фототүсірілімі өтті

Екатерина Андреева – “ОРиДИ” ҚБ төрайымы:

– Біздің қаламызда тірек-қимыл жүйесі бұзылған және ойлау қабілеті жағынан кемістігі бар балаларға қолдау көрсету өзекті мәселе болып тұр. Аутизм, даун дертіне шалдыққан балалар психолог, дефектолог логопед мамандардың көмегіне зәру. Және олар үнемі массаж қабылдап отырулары қажет. Сондықтан, біз қаламызда оңалту орталығының салынғандығын қалаймыз. Осы акция арқылы біз емдеу орнының құрылысына ақшалай көмектескіміз келеді.

Влад Винниковтің фотогроф болып қызмет еткеніне 7 жыл болған. Жас жігіт әсіресе табиғатты суретке түсіргенді жаны сүйеді. Сондай-ақ, ол қаламызда өтетін қайырымдылық шараларға да жиі ат салысады екен. Бүгін Влад мұнда денсаулығы нашар балаларға көмектесу үшін өз еркімен келіпті.

Влад Винников – кәсіби фотограф:

– Бүгін ауа райы тамаша. Және мұндағы табиғат та өте әдемі. Сондықтан, тамаша суреттер жасауға болады. Жалпы, өзім аутизм, даун, ойлау қабілеті нашар балаларға қолдан келгенше көмектесемін. Оларға тегін суреттер беремін.

Акцияға қатысушылардың саны уақыт өткен сайын артуда. Олар сертификат алып табиғат аясында суретке түсуде. Айнамкүл Жаутаева қайырымдылық шараның өтетіндігін ұялы телефонына түскен хабарламадан біліпті. Кейін, ол даун синдромына шалдыққан 5 жастағы қызын алып осында келген. Нәзікжанды денсаулығы нашар балаларға көрсетіліп жатқан қолдауға дән риза.

Айнамкүл Жаутаева – ата-ана:

– Денсаулығы нашар балаларға көрсетіліп жатқан көмекке ризамын. Қаламызда оңалту орталығы салынса екен.

Бүгінде Петропавлда тірек-қимыл жүйесі бұзылған және ойлау қабілеті дамымаған 18 жасқа дейінгі 1000-нан аса бала тұрады.

 

Култанов Байболат