МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту жүйесін жетілдіру” тақырыбындағы семинар басталды

Анархан Дүйсенова – СҚО әкімінің орынбасары:

– Облыста өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырғандарды рәсімдеу мен еңбекке тарту істері атқарылуда. Өңірде олардың санын нақтылау үшін үйлеріне барып түгендеу жүргізілді. Өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырғандардың саны 84 мыңды құрап отыр.

Семинар үш күнге жалғасады. Қаралатын мәселелер жетерлік. Мұнда әлеуметтік көмек, жұмыспен қамту, зейнетақы заңнамасын жетілдіру сынды сұрақтар қарастырылады. Мамандардың айтуынша қазіргі уақытта жастар жұмыс істегісі келмейді. Мемлекет тарапынан тиімді ұсыныстар жасалса да олардан бас тартып жатады дейді.

Сапура Оразова – ҚР ДСӘДМ “Әлеуметтік-еңбек саласы кадрларының біліктілігін арттыру курсы” ММ директоры:

– Егер де азаматты бірнеше рет жұмысқа орналастырып, ол одан өз еркімен шығып кетіп жатса оған әлеуметтік салада шаралар қолданылады. Бұндай жағдайлардың азаюы үшін мамандардың біліктілігі жоғары болуы керек. Семинар барысында осы тақырып қозғалады.

Бүгін залға үш өңірдің өкілдері жиналды. Ұзын-саны – 150 адам. Олар – жұмыспен қамту орталықтарының басшылары мен мамандары. Семинар тыңдаушылары жұмыс барысында туындаған түрлі түсініксіз тұстарды шешуге осы жиын септеседі деген сенімде.

Ерлан Қазбеков – Айыртау аудан жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы, СҚО:

– Жыл басынан біз мыңнан астам адамды жұмыспен қамтыдық. Сонымен қатар несиелер беріліпі жатыр.

Жадыра Бейсенбаева – Еңбекшілдер ауданының жұмыспен қамту орталығының директоры, Ақмола облысы:

– Бізде 167 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауданды 15 мың адам тұрса, оның ішінде 9 мыңға жуығы еңбекке қабілетті.

Жыл басынан облысымызда жұмыспен қамту орталықтары арқылы 12 мыңнан астам адам екі қолға бір күрек тауыпты. 300-ге жуық жан қайта даярлаудан өтіп, өз біліктіліктерін арттырған.

Гүлнәр Шәймерденова – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

– Жыл басынан “Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020” бағдарламасына 4 мың 100 адам қатысқан. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 67 жоба іске асырылуда. Ал екіншісі бойынша 217 несие берілді. Жалпы сомасы 917 млн теңге болатын несие рәсімделеді деп жоспарлануда. Соңғы бағыт бойынша жастар тәжірибесімен 350-ден астам түлек екі қолға бір күрек тапты.

Сондай-ақ, семинарда “Өрлеу” бағдарламасының орындалуына баса назар аударылуда. Жыл басынан аталмыш жоба аясында 18 мың 263 адам материалдық көмек алған.

 

Риат Шони