Ауыл шаруашылығы

Өңірде орақ науқаны басталды

Борис Калугин – «Якорь СК» ЖШС директорының орынбасары, Қызылжар ауданы:

– Дәнді дақылдарды оруға тамыздың 18-і кірістік. 250 гектар жердегі сұлы бастырылды. Түстен кейін жинауға кірісеміз. Тағы бізде 4 мың гектар алқапқа сіңірілген бидай бар. Оны да жуық арада оруға кірісеміз. Биыл тұқымдық арпа да ектік. Тек ауа райы жақсы болса болды. Егінді уақытылы жинап аламыз.

Әзірге, ауа райы шаруаларға оң қабақ танытып тұр. Сондықтан, орақ науқанына кіріскен диқандардың көңілдері тоқ. Оны облыс әкімімен кездескен агроқұрылым басшылары жасырмады.

Владимир Очеретенко- «Якорь СК» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Егіннің 15 пайызы бастырылды. Тағы 20 пайызы шабылды. Ауа райы осылай біраз тұрса, онда мол астық аламыз деген үміттемін.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

– Ауа райы болжамы әзірге жақсы. Сондықтан, осындай күндерді барынша пайдаланып қалу керек. Естеріңізде болар, 2014 жылы ылғалдылық 20-25 пайыз болғанда біз егінді бастырмай, кейін 30-35 пайыз болғанда амалсыздан алқапқа шықтық. Сол қателіктерді қайталамау қажет.

Бұл айтылған сөзді мұнда жиылған өзге де агроқұрылым басшылары қаперіне алғаны жөн. «Якорь СК» серіктестігінің танап басында отандық техника – “Есіл” комбайндары жүр. Биыл жаңасын алыпты. Оны кәсіпорында 8 жыл еңбек ететін Виталий Брандт басқарады.

Виталий Брандт – «Якорь СК» ЖШС комбайн жүргізушісі, Қызылжар ауданы:

– Орақ науқанының басында жаңа машина алдым. Жалпы бұл көліктердің жұмысына ризамын. Өткен жылы осы комбайндармен мен 18 мың центнер егін бастырғанмын. Өнімділігі жақсы. Егінге шық түсіп, шамалы қиындық келтіруде. Бірақ, соған қарамай, біз шамалы күтіп, ылғалды болса да соғып жатырмыз.

Кейін облыс әкімі Ерік Сұлтанов жеке кәсіпкер Ерік Темішевтің жылыжайында болды. Мұнда биыл алғаш рет 2 мың түп қияр егілген.

Ерік Темішев – «Темишев Е.К.» ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

– Осыған дейін орамжапырақ, картоп, сәбіз еккен болатынбыз. Биыл шаруаны кеңейтіп, қияр егуді бастадық. «Казагрофинанс» арқылы 4,5 жылға несие алынды. Берілген 3 млн теңгеге осы жылыжайды тұрғызып, тұқым сатып алдық.

Жылыжайдан алынған өнім Петропавлдың базарларында саудаланады. Келешекте мұнда жылыту жүйесін істеп, көкөністерді жыл бойы өсіру қолға алынбақ.

 

Магжан Ахмадина