Аптадағы маңызды жаңалықтар

Аққайың ауданында “Дала күні” өтті

Жиында аудан әкімдері мен шаруашылық басшыларына егін жинаудың тың жолдары баяндалды. Оларға қандай агротехникалық әдістерді қолдану арқылы сапалы астық алуға болатындығы жайлы ақыл-кеңестер берілді. Жалпы, биылғы күзде облыста астық 4 млн 371 мың гектар алқаптан жиналмақ.

Оның 3 млн 218 мыңы – бидай, 512 мың гектары майлы дәнді дақылдар болса, 612 мыңы жем-азық болып табылады. Үстіміздегі жылы теріскейлік ауылшаруашылығы құрылымдары 300-ден аса бірлік жаңа техника сатып алған. Бүгінгі күнге дейін жергілікті диқандар 250 мың гектар алқапты орған. Өңірде тиісті құжаттары бар 52 элеватор астықты қабылдауға дайын. Айта кетейік, осы жылы солтүстікқазақстандықтар жиналған өнімді Біріккен Араб Әмірліктеріне саудалауды жоспарлап отыр.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

– Биылғы орау науқанына 8 мың комбайн қатысады. Оның 3 мыңы жаңа ауыр машина. Осы жылы күзгі дала жұмыстарына үкімет тарапынан 72 мың тонна дизелді отын берілді. Оның 70 пайызы бізде бар. Ал, қалған 30 пайыз дизелді отын келесі айда келеді.

Култанов Байболат