МТРА жаңалықтары

СҚО әкімі Ерік Сұлтанов депутаттар алдында 2016 жылдың І-ші жартыжылдығындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл машина жасау кәсіпорындары былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 8,2 пайызға артық тапсырыс алды. Келісімшарттардың басым бөлігі мұнай-газ және темір жол кешені компанияларына тиесілі, Осының арқасында жұмыс орындарын сақтап, өндіріс көлемін одан әрі жоғарылатуға мүмкіндік бар.

Биыл өңірдегі агроөнеркәсіптік кешенді қолдау үшін ел қазынасынан 23,5 млрд. теңге демеуқаржы бөлініп, сонша мөлшерде инвестиция тартылды. Жазғұтырым өңірдегі 4,4 млн гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Осы күні егін жинау науқаны басталып кетті. Егістік алқаптарына 8 мың комбайн тартылады. Жыл басынан бері осы салада машина-трактор паркі 379 осызаманғы техникамен толығыпты.

Сондай-ақ өңірде элеваторлардың қуатылығы арттырылып, астық кептіргіштерді салу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Күзде Ресей алдымызды орап кетпесе, астығымыз Біріккен Араб әмірліктері, Иран және Қытай елдеріне жөнелтілмекші. Осы жөнінде әкімдік сатып алушы тараппен келіссөздер жүргізген.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Аймақтық кәсіпкерлікті қолдау картасына 41 жоба енді. 6-уы биыл жүзеге асты. Соның ішінде жоғары өнімді К-704 тракторын шығаратын зауыт бар. Өнімнің бағасы аграрийлерге қолжетімді әрі клиенттерге сервистік қызмет қарастырылған. Облысымызда кәсіпкерлікті дамытуға да аса мән берілуде. Жыл басынан бері шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 50,5 млрд теңгенің өнімін шығарған. Өңіріміз субсидиялау бойынша республикада 1-ші орында келеді.

Өткен алты айда өңірге 58 млрд теңгенің инвестициясы тартылған. Облыс орталығында баспанаға мұқтаждардың саны әлі де көп. Үстіміздегі жылы халық игілігіне 185 мың шаршы метр болатын тұрғын үй қолданысқа беріледі. Қыркүйектің бірі Тайынша, Ғ.Мүсірепов, Қызылжар аудандарында су жаңа білім ошақтары ашылып, аймағымызда үш ауысымдық оқыту мәселесі түйбегейлі шешіледі. Сонымен қатар облысымызда жол құрылысы, сумен жабдықтау бағыттарында да ілгерілеушілік бар.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл облыстық және аудандық маңыздағы 385 шақырым жол жөнделеді. Бұл бағытқа барлық қаржы көздері есебінен 4,3 млрд. теңге бағытталған. Сондай-ақ, 40,3 километр сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу және қайта жаңғырту, 5 ауылға су беру, 14 елді мекеннің сумен жабдықтау жүйесін жақсарту жоспарланған.

Өңірімізде әсіресе спорттың нысандар көптеп салынуда. Биыл мәденит саласына да ерекше назар ауды. Айталық, қазір С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына жобалау сметалық құжаты әзірленіп жатыр. Исі қазақ үшін қастерлі орда келесі жылы адам танымастай кейіпке енеді. Ал Айыртау ауданындағы “Ботай” қонысында ашық аспан астында археологиялық музей салынатын болды. Бұл жоба өңірімізге туристерді тартуға сеп.

Облыстық мәслихаттың депутаттары өңірде алғашқы жартыжылдықта атқарылған жұмысқа оң бағаларын берді.

Анатолий Рафальский – облыстық мәслихатының депутаты:

– Шынымен, жартыжылда атқарылған шаруалар аз емес. Қарап тұрсам барлық салада өсім бар. Өндіріс көлемі айтарлықтай артқан. Мемлекеттік бағдарламалар сәтті орындалып жатыр.

Райхан Абдрахманова – “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ директоры:

– Әсіресе, құрылыс саласында жақсы көрсеткіштер бар. Бұрын соңды бірнеше мыңдаған шаршы метр баспана аймақтарда салынбаған еді. Облыс әкімі барлық құрылыс жұмыстарының кестеге сай жүргізілуін жеке бақылауына алған. Мен соған үлкен ризашылығымды білдіремін.

Осылайша, мінберден сөз алған бірнеше депутат өңір жетекшісінің жартыжылда атқарған жұмыстары туралы есебін бірауыздан бекітті.

 

Берік Қасен