Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қорғанда солтүстікқазақстандық ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерінің жәрмеңкесі өтті

Вера Тельбанова – Қорған қаласының тұрғыны, РФ:

– Осыған дейін де осы компанияның сүт, қаймақ, айрандарын алатынбыз. Өзімізге ұнайды. Сондықтан жәрмеңке өтеді дегенді естіп, әдейі келдік. Бағасы да тиімді. Зейнеткерлердің қалтасын қақпайды.

«Зенченко и К» КС әзірлейтін тағамдар дәмін қорғандықтар ағымдағы жылдың маусым айынан татып келеді екен. Нақ сол уақыттан бастап аптасына үш рет солтүстікқазақстандық кәсіпорын көршілерімізге тауар жеткізеді.

Георгий Целых – «Зенченко и К» КС сүт зауытының директоры:

– Біз Қорғандық 11 дүкенге тауарымызды жеткіземіз. Бір рейс жасағанда 2,5 тонна өнім апарады. Қазір сұраныс артып келеді. Сондықтан оны қамтамасыз ету жолдарын қарастырып жатырмыз. Тауар тасуға ыңғайлы болу үшін жаңа көліктер де алдық. Өнім талаптарға сай, құжаттарымыз дұрыс сол себепті шекарадан өту кезінде қиындықтар туындамайды.

Солтүстікқазақстандықтар өнімді саудалауды таңғы сағат 9 – дан бастады. 12 – ге таман сауда сөрелеріндегі тауар біртіндеп азая бастады. «Викос» компаниясы әкелген ірімшік пен сүзбелердің сапасын анықтау үшін қорғандықтар нақ осы жерде ақтың дәмін татып көру мүмкіндігіне ие болды. Кәсіпорын сүт өнімдерін өңдеумен 17 жылдан бері айналысады. Тауарларын Мәскеуге экспорттайды екен. Енді Қорған қаласының нарығына шығудан да дәмелі.

Ирина Овчаренко – «Викос» ЖК жетекшісі, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Әкелген тауарымыз қорғандықтардың көңілінен шықты. Өнімдеріміз жақсы өтіп жатыр. Өйткені олар еш қоспасыз дайындалады. Ал қазіргі таңда табиғи өнімдер тұтынушыларға ұнайды. Біз бүгін «Магнит», «Метрополис» сауда желілерінің қожайындарымен кездестік. Әріптестік орнатылып, келешекте ресейлік нарықта біздің де тауарларымыз пайда болатындығына сенім мол.

Жәрмеңкені Қорған облысының губернаторы Алексей Кокорин мен делегацияны бастап барған өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов та аралады. Көршілес қос аймақ басшылары сауда сөрелерінде жайғастырылған өнімдердің сапасын сұрастырып, тұтынушылармен тілдесті.

Татьяна Исупова – Қорған қаласының тұрғыны, РФ:

– Сүт өнімдерінің сапасы біздікіне қарағанда әлдеқайда жақсы екен. Бағасы да тиімді. Жәрмеңкеге келіп бір қуанып қалдым.

Вячеслав Гречишников – Қорған қаласының тұрғыны, РФ:

– Барлығы тамаша өтіп жатыр. Ең бастысы таныс емес өнімдерідің дәмін татып көруге болады. Және олар өте ұнап жатыр. Сапасы да жақсы. Жиі келіп тұрса екен дейміз.

Шұжық, жұмыртқа, макарон, ұн, бал, жарма, құрғақ таңғы астар, кондитер және сүт өнімдерінің түр-түрі. Жалпы солтүстікқазақстандық кәсіпорындар көршілес аймаққа сомасы 10 млн теңге болатын 12 тонна өнім жеткізген.

 

Магжан Ахмадина