Спорт

Қазақстанда тамыздың үшінші жексенбісі – спорт күні

Анархан Дүйсенова, СҚО әкімінің орынбасары:

– Қазір біздің аймақта спорт дамып жатыр. Облысымыздан шыққан 5 бірдей спортшы Рио олимпиадасына қатысуда. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш.

Бұл күні өңір спортының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар жандар алғысқа бөленді. Білікті бапкер Владимир Хван Солтүстік Қазақстаннан таэквондодан 30-дан артық Азия және ел чемпионын дайындап шығарыпты. Оның 25 жылғы еңбегі бағаланып, дәл бүгін “Қазақастанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы” атағын алды.

Владимир Хван, ITF таэквондо бойынша ҚР еңбегі сіңірген жаттықтырушысы:

– 7-сыныптан бастап спортпен айналысып жүрмін. Бүгін 63 жасқа келдім. Бірақ, спортты доғаратын ойым жоқ. Чемпиондарды әлі де әзірлей бермекпін. Өзімді озып, Азияның 8 мәрте жеңімпазы болған шәкірттерім бар.

Мықты спортшылардың дені ауылдан шығады. Олардың негізгі кірпішін мектепте қалайтын аудандардағы дене шынықтыру пәні мұғалімдері мен жаттықтырушылардың да еңбегі еленді. Ақжар ауданынан келген 62 жастағы Мәну Қабдөшева – президенттік көпсайыс ойындарының жеңімпазы. Шашасына шаң жұқтырмайтын жеңіл атлетке бүгін өңір жетекшісінің құрмет грамотасы табысталды.

Мәну Қабдөшева, Ақжар ауданының спорт ардагері:

– Қуагыштымын. Осылай жастарға үлгі болсақ, сол біз үшін нәтиже.

Ал, “Барс” баскетбол клубы жақында өткен ел чемпионатына қатысып, ерлер арасында үшінші орынды қанжығаға байлап келді. Көпшіліктің алдында олардың қола медалі мойындарына тағылды.

Максим Налогов, “Барс” баскетбол клубының шабуылшысы:

– Мен 12 жасымнан баскетбол ойнаймын. Командалық спорт түрін ұнаттым. Құрама үшін биылғы маусым сәтті өтті. Ел бойынша үздік бестіктің қатарындамыз. Үздіксіз жаттығу мен бапкеріміздің арқасында алға ұмтыламыз. Барлық спортшыларды ортақ мерекемен құттықтаймын.

Өңірдегі 2015-2016 оқу жылының қорытындысында “Үздік Облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектептері” де осы жерде анықталды. Бұл аталым бойынша бірінші орынға “Велоспорттан ОР МБЖСМ” лайық деп танылып, директорының қолына 3 млн теңге мен Лада гранта автокөлігінің кілті табысталды.

Акбопе Танирберген