Спорт

Өңірдің дене шынықтыру саласының дамуына сүбелі үлес қосқан жандар марапатталды

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Бүгінгі Спорт күні жазғы Олимпиада ойындарымен тұспа-тұс келді. Осы ретте мұхит асып ел намысын қорғап жатқан жерлестеріміз жайлы айтпай кетуге болмас. Біздің спортшылар – нағыз батырлар. Олар жүзден жүйрік шығып, ел мерейін асыруда. Ал, сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Еңбектеріңіз жемісті болсын.

Кейін, өңірдің дене шынықтыру саласына сүбелі үлес қосқан жандар марапатталды. Ерен еңбегінің жемісін көргендердің қатарында бокстан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Сабыржан Сақтағанов бар. Ол өзінің 17 жылдық бапкерлік қызметінде бірнеше халықаралық деңгейдегі спорт шеберлерін дайындапты. Оның маңдайалды шәкірттерінің бірі ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарында бақ сынап жатқан Дариға Шәкімова. Білікті бапкер былғары қолғап шеберіне дүбірлі додадан алтын медальмен оралуын тілейді.

Сабыржан Сақтағанов – бокстан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы:

– Дариға өте талантты қыз. Ол маған бірінші рет келгенде оның биік белестерді бағындыратынын сездім. Шәкіртіме Олимпиада ойындарында жеңіске жетсін деп тілейм.

Сонымен қатар, жиында спорт тақырыбында қалам тербеп жүрген тілшілер қауымының да еңбегі еленді. Муниципалды телеарнаның тілшісі Байболат Құлтанов спорт саңлақтарының жетістіктерін үнемі материалдарына арқау етіп келеді. Тілшінің еңбегі ерекше бағаланды.

Байболат Құлтанов – Муниципалды телеарна тілшісі:

– Менің муниципалды телеарнада қызмет еткеніме ұзақ уақыт болған жоқ. Дегенменде мен өзімнің жұмыс тәжірбиемде бірнеше спорттық сюжеттерді жарыққа шығардым.

Айта кетейік, жиында 50-ден аса жерлесіміз облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының алғыс хатымен марапатталды.

 

Култанов Байболат