МТРА жаңалықтары

Екі ел арасындағы әріптестік нығая түсті

Солтүстікқазақстандықтарға мұндағы өндірістік цехтар көрсетілді. Оларда 2 мыңнан астам адам еңбек етеді екен. Ал келесі «Бауэр машины Курган» кәсіпорны осы зауыттың ішінде орналасқан. Мекеме құрылыс және мұнай-газ саласына қажетті құрылғыларды дайындайды. Болаттан мұндай құрылымдарды теріскейлік зауыттар да жасайды. Сондықтан, облыс әкімі Ерік Сұлтановтың аталған кәсіпорынға ықыласы ауды.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

– Аталған құрылымдардың еңбек өнімділігі жақсы. Батыстың алдыңғы қатарлы технологияларынан еш кем түспейді. Сіздер Қазақстанмен арадағы байланысты үзбей, одан әрі жұмысты жалғастыра түседі деген ойдамын. Петропавл қаласында ортақ филиал ашуға шақырамын. Сол жерде құрылысқа қажетті материалдар әзірлейтін боламыз.

Ал мынау – Курганстальмост кәсіпорнының мұражайы. Мұнда зауыттың тарихынан сыр шертетін жүздеген экспонат бар. Өңірімізден барған делегацияға тағы бір экспозиция көрсетілді. Тек бұл жолы зауытта емес, академик Илизаров атындағы «Қалпына келтiру травматологиясы мен ортопедиясы» Ресей ұлттық орталығында. Міне, 45 жылдан бері аталған емдеу мекемесі нейрохирургия мен омыртқа ауруларын жазуда бірегей оталар жасап келеді.

Мұндағы ақ халатты абзал жандар жүру мүмкіндігінен айырылған әлемнің түпкір-түпкірінен жиылған науқастарға жаңа өмір сыйлайды. Жыл сайын ауруханада 10 мыңға жуық адам ем – дом қабылдайды. Айта кету керек, Гавриил Илизаров тура 65 жыл бұрын сүйек остеосинтезі әдісін ойлап тапқан екен. Мына жерде Илизаровтың жеке кабинеті орналасқан. Мұнда барлығы сол қалпында сақталыпты. Дәрігердің қойын дәптері де осында.

Мұражайда, тіпті ота залы да бар. Науқасқа аппаратты қоймас бұрын, емдеудің қалай жүретіндігі көрсетіледі. Кейін мұнда келген меймандар мен солтүстікқазақстандық делегацияға орталықтағылар шағын сыйлықтар үлестірді. Ал құр қол бармаған облыс әкімі Ерік Сұлтанов емдеу мекемесіне картина сыйлап, қонақтар кітабына өз тілегін жазып қалдырды. Биыл көзі тірі болса Гавриил Илизаров 95 жасқа толар еді. Сондықтан, 2016 жыл Қорғанда академиктің жылы болып жарияланған. Бұдан соң Қорғанның үкімет үйіне жиылған екі жақ іссапарды қортындылап, арнайы жиын өткізді.

Алексей Кокорин – Қорған облысының губернаторы, РФ:

– Бүгін жәрмеңкеде көрдік. Тауарларыңыз өз өңірлеріңізде ғана емес, біздің де сұранысқа ие. Сондықтан, біздер үшін әріптестік қатынастарды дамыта түсу маңызды. Әлеуметтік сала ғана емес, экономикалық байланыстар да нығая түсуі керек.

Өз кезегінде Ерік Сұлтанов екі өңір арасындағы ынтымақтастық қос аймақтың да дамуына сеп болатындығын жеткізді.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

– Ағымдағы жылдың наурыз айында Қорған облысының делегациясы біздің өңірде болып, бірқатар келісім шарт пен меморандумға қол қойылды. Соны бүгін біз өзіміз делегациямен келіп, қарастырдық, оның бәрі жақсы орындалып жатыр. Осының бәрі «Жол картасымен» бақыланатын болады. Екі ел арасындағы ынтымақтастық одан әрі жалғасарына сенемін.

Теріскейдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері Қорғаннан тұқым алса, дәрігерлеріміз Илизаров орталығында біліктілігін арттырады. Сондықтан, екі жақ облыс басшылары жаңа құжат – «Жол картасына» қол қойысты. Ол көршілес аймақтардың әріптестігін одан әрі нығайтып, көптеген салаларда оны дамыта түсуді көздейді. Жиын барысында тағы кәсіпкерлік, туризм және мәдениет саласында екіжақты келісім жасалды.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:

– Елбасының қолдауымен елімізде кәсіпкерлік саласын дамытуға барлық жағдайлар жасалған. Кез келген инвестицияларды біз қолдаймыз. Сондықтан, бүгін қол қойылған екінші меморандум туризм саласына байланысты. Екі аймақтың да әлеуеті зор. Сіздерді өңірдің көрікті жерлерін аралауға шақырамын. Қазір біздерде жаңа бағыт пайда болды.

Алексей Кокорин – Қорған облысының губернаторы, РФ:

– Жасалған келісімдердің уақытылы әрі сапалы орындалғандығы, әрине жақсы. Сондықтан, сіздерден үйренеріміз көп. Бұл – екіжақты жұмыстың оң жолға қойылғандығының айғағы.

Айта кету керек, Ресейдің көршілес аймағында бүгіндері 12 мың қазақ тұрады.

 

Магжан Ахмадина