МТРА жаңалықтары

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыстық департаментінің басшысы Виктор Молодовский азаматтарды қабылдады

Рәзия Мұрзатаева – зейнеткер, Аққайың ауданы:


–  Бізде аудан орталығына жету үшін аялдамаға дейін 2 шақырымдай жер жүру қажет. Кейін автобус күтіп тұрамыз. Ал ауырып қалған адамдарға мүлдем қиын. Біз Ленинский селолық округіне қарағандықтан, сонда жібереді. Оған жету үшін көлікті 3800 теңгеге жалдау қажет. Ал Смирновоға дейін – 800 теңге. Аялдаманы жақынырақ орналастырса жақсы болар еді. Осы мәселені бір жақты етуге көмектессеңіз.

Рәзия Мұрзатаеваны мұқият тыңдаған Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыстық департаментінің басшысы Виктор Молодовский бұл мәселелерді шешуге септесетіндігін жеткізді.

Виктор Молодовский – ҚР ДСӘДМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:


–  Сіз айтқан мәселелер біздің органның құзыретіне жатпайды. Бірақ, сіз берген барлық құжаттарды зерттеп, өтінішіңіз бойынша жауапты органдарға жөнелтеміз. Облыстық және аудандық әкімдіктерді де хабардар етеміз. Кейін міндетті түрде жауабын береміз. Бұл заң бойынша 30 күннің ішінде атқарылады.

Виктор Молодовскийдің қабылдауына соңғы болып Аққайың ауданындағы Черкасское елді мекенінің тұрғыны Ирина Тулинова келді. Нәзік жанды 2001 жылы туберкулома ауруына шалдығыпты. Бұл – өкпе туберкулезының бір түрі. Жұқпалы және аса қауіпті емес. Бірақ, Ирина Тулинова белгісіз себептерге байланысты жұмысқа орналаса алмай жүр.

Ирина Тулинова:

– Аудандық емханада дәрігер маған барлық саралау нәтижесі жақсы деді. Ал өзгесі болса керісінше пікірде. Қайсының дұрыс, қайсының бұрыс екенін білмеймін. Дәрі-дәрмектер алып, емделу керек дейді. Ал оның барлығы қыруар ақшаны қажет етеді. Менің бір балам бар. Оны мектепке дайындау қажет. Жағдайым келмейді. Дәрігерлер менен мүгедектікті алып тастаған. Енді жұмысқа тұруыма болады. Бірақ, ешбір мекеме қабылдамайды.

Ирина Тулиноваға Виктор Молодовский аудан әкімі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысының қабылдауына баруға кеңес берді. Ал жұмысқа тұру мәселесін шешуге міндетті түрде көмектесетіндігін уәде етті. Жалпы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының қабылдауына бүгін 5 теріскейлік азамат келді.

Риат Шони