МТРА жаңалықтары

Биыл Петропавл су торабына 4 млн теңгеге жуық қаражатқа жөндеу жұмыстары жүргізілмек

Мұндағы мамандар келіп түскен судың көлемін ұдайы бақылауда ұстайды екен. 5 жылдық еңбек өтілі бар Қайырбек Каликеновтың айтуынша қазір торабтағы су қалыпты деңгейде.

Қайырбек Каликенов – “Қазсушар” РМК СҚФ Петропавл су торабының операторы:


– Мұндағы мамандардың жұмысы үлкен маңызға ие. Біз ұдайы судың деңгейін Балтық жүйесі бойынша бақылаймыз. Қазір торабтағы тіршілік көзі шамамен 92 метр 30 сантиметрдің шамасында. Бұл қалыпты деңгей.

Былтыр Петропавл су торабына инвестициялық бағдарлама аясында күрделі жөндеу жүргізілген. Құны 2 млн 300 мың теңгеден артық қаражатқа нысанның маңына қиыршық тас төселіп, жаңадан темір саты қойылыпты.

Аманжол Қожағұлов – “Қазсушар” РМК СҚФ директоры:

– 2015 жылы нысанның маңына қиыршық тас төсеу үшін 1 миллион 200 мың теңгеге жуық ақша жұмсадық. Бұл жұмыстар көктемгі тасқан кезінде су торабының беріктігі үшін жүргізілді. Сонымен қатар былтыр кәсіпорынның автокөліктеріне жаңадан құрал жабдықтар сатып алдық.

Жалпы, бүгінде бұл кәсіпорынның құрамына Сергеев, Петропавл және Шарық су қоймалары кіреді. Негізгі тұтынушылары – алтау. Олардың барлығы мына тақтада көрсетілген. Өткен жылдан бастап аталған мекеме тариф құнын 0,229 тиыннан, 0,5 теңгеге өсірген болатын. Мұны кәсіпорын директоры жаңадан жүргізілген жөндеу жұмыстарымен байланыстырады.

Аманжол Қожағұлов – “Қазсушар” РМК СҚФ директоры:

 


– Тариф құны тұтынушыларымыз үшін көп деп ойламаймын. Өйткені біз кәсіпорында өз ақшамызға ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Тіршілік көзінің 1 текше метрін 0,5 теңгеден саудалауды біз ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің СҚО бойынша департаментімен 5 жылға бекіттік. Яғни, судың құны осы уақыт ішінде өзгермейді.

Биыл тағы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қатысты Петропавл су торабына 4 млн теңгеге жуық қаражатқа жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Култанов Байболат