МТРА жаңалықтары

Қоғамдық көлік мәселесі қаралды

Таң атқаннан күн батқанға дейін тұрғындарға қызмет көрсететін жүргізушілердің жұмысы оңай деп айтуға келмес. Дегенменде, көліктегі тазалықты сақтап, жол ережесін бұзбау осы жандарға тікелей байланысты.

– Жалпы өзіме барлығы ұнайды. Мен ауылдан келдім. Сондықтан ара-тұра қатынап тұруға жарайды.

– Ұзағырақ жүрсе екен деген тілегім бар. 10-да жұмыс аяқталғанда шықсаң, тіпті қала орталығында болсаң да кете алмайсың. Тағы адамдар көп жүретін уақытта, әсіресе, таңертең және кешке автобустың ішіне кіру мүмкін емес. Көліктер тым тар. Тіпті сыймағандықтан кейде 4-5 автобусты жіберіп аласың.

– 5-ші бағытпен автобус жиі жүреді. Өте ұнайды. Ал 6-шы бағытты біраз тосу керек. Жалпы қазір қоғамдық көліктердің жұмысы дұрысталып келеді. Деген орындықтары кір.

Бұл мәселе төңірегінде қалалық әкімдікте өткен қоғамдық кеңесте де қызу пікірталас орын алды. «СҚО автокөлік одағы» қауымдастығының төрайымы – Галина Семенованың айтуынша, ағымдағы жылы автобустардың көпшілігі жаңартылған. Оның үстіне күн сайын жүргізушілер арнайы медициналық, ал олар тізгіндеген көліктер техникалық байқаудан өтеді.

Галина Семенова- «СҚО автокөлік одағы» қауымдастығының төрайымы:

–  «Казинтерсофт» компаниясы біздің автобустарға ДЖПИЕС жүйесін орнатты. Ол көліктердің қай жерде жүргенін, бағыттан ауытқыды ма, жоқ па? Тіпті қандай жылдамдықпен келе жатқандығын минут сайын бақылап отыруға мүмкіндік береді. Бірақ әрине жүргізушілерді дөрекілігіне қатысты әлі де болса шағымдар кездесуде. Олар алдағы уақытта шешіледі деген үміттеміз.

Жолаушы тасымалымен айналысушылардың арасында да барлық талаптарды сақтап, жақсы жағынан көзге түскендері бар. Кездесу барысында олар жайлы да сөз қозғалды. Десе де, қалада қоғамдық көлік қатынасымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны азаймай тұр.

Серік Давлетов- Петропавл қалалық ІІБ бастығының орынбасары:

– Көбіне апаттар автобус жүргізушілерінің жол ережесін бұзуының салдарынан орын алады. Ағымдағы жылдың мамыр айында 20-шы бағыттағы көліктің жас қызды басып кеткендігі барлықтарыңыздың естеріңізде шығар. Сондықтан біз үнемі алдын алу жұмыстарын өткіземіз.

Алдын алу жұмыстарының да көмектесіп жатқаны шамалы. Жыл басынан қоғамдық көліктердің қатысуымен 322 заңбұзушылық анықталса, соның 200-ден астамы өрескел жол ережесін бұзу болып табылады. Ол жаяу жүргіншілерді өткізбеу, темір тұлпар тізгіндеп отырып телефонмен сөйлесу. Соңғысына тұрғындар да көп шағымданады. Жиынның қортындысында қоғамдық кеңес мүшелері автобустардағы тазалыққа көп көңіл бөлуді тапсырды. Тағы жүргізушілердің сырт киімі мен сөйлеу мәнеріне назар аударылса екен деген өтініш те стіліп жатты. Осы ретте айта кету керек, бүгіндері қалада білікті жүргізішілер тапшы. Тіпті ай сайын өтетін бос орындар жәрмеңкесі арқылы қоғамдық көлік тасымалымен айналысатын кәсіпорындар мамандар таба алмай жүр.

 

Магжан Ахмадина