МТРА жаңалықтары

Өткен аптада солтүстікқазақстанда 4 адам суға батып көз жұмды

Дегенменде жерлесіміз жағаға 3 метр жер қалғанда ажал құшқан. Кейінірек ер азаматтың ішімдік ішкені анықталды. Тағы бір оқыс оқиға дәл осы күні орын алды. Бұл жолы өңірімізге Маңғыстау облысынан құрамасын жарысқа алып келген жаттықтырушы шомылам деп қаза тапты.

Виктор Держанский – “СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы” ММ жетекшісінің орынбасары:

– Балаларды күрестен жаттықтыратын жігіттің жасы 27-іде болған. Ол Есіл өзенінің арғы бетіне жүзіп өтпек болыпты. Алайда ол жағаға жете алмай ажал құшты. Мәйітті біздің мамандар сол күні тапты. Біздің болжамымыз бойынша шомылу кезінде ер азаматтың сіңірі тартылып қалған.

Жалпы, облыста жыл басынан 20 адам суға кеткен. Оның 5-еуі бала. Қаза тапқандардың 12-сі шомылу маусымы кезінде ажал құшыпты. Сол себепті ТЖД мамандары тұрғындарға жазғы мезгілде өңірдегі өзен-көлдерде қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді.

Виктор Держанский – “СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы” ММ жетекшісінің орынбасары:

– Өзен-көлдерде тұрғындар қарапайым ережелерді сақтамайды. Олар белгіленбеген жерге суға түседі. Балаларын шомылу кезінде қараусыз қалдырады. Балықшылар арнайы киімдерді кимей балық аулайды. Мұның бәрі қайғылы жағдайға әкеліп соғады. Суда өте сақ болған абзал.

Сонымен қатар теріскейде өрт оқиғасы да азаймай тұр. Жыл басынан бері өңірде тілсіз жаудың 395 фактісі тіркелген. Қызыл жалын салдарынан 21 адам қаза тапқан. Оның 1-еуі бала. Соңғы рет облыста өрттің тұтанғандығы 15-інші тамыз күні Аққайың ауданының орталығы Смирнова селосында таңғы 4-тен 38 минут кеткенде тіркелген.

Айдар Мұсатаев – СҚО ТЖД техникалық нормалау бөлімінің бас маманы:

– Суворов көшесіндегі үйден шыққан өрттен нысанның 50 шаршы метр жерін от шарпыды. Өртті сөндіру кезінде мамандар 1974 жылы туылған адамның мәйітін тапты. Анықталғандай ол мас күйінде баспанада темекі шегіп ұйықтап қалған.

Қызыл жалынның салдарынан мемлекетке 75 млн теңге шығын келген. Бұл былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 30%-ға артық көрсеткіш.

 

Култанов Байболат