Спорт

Ауыр атлетші Айдар Қазов СҚО-лық балаларға шеберлік сыныбын өткізді

Олардың қарап бой түзейтін адамы да бар. Ол жерлесіміз – 21 жасар ауыр атлетші Айдар Қазов. Азия чемпионатында Спорттың дәл осы түрінен еліміздің қоржынын алғаш алтынмен майлады. Былтыр Тайландта 197 кг зіл темірді басына асыра көтеріп рекорд орнатты. Бірақ жерлесіміз, биыл өтіп жатқан 31-ші жазғы олимпиада ойындарына кеткелі тұрған жерінен, жолдан қалды.

Айдар Қазов, Ауыр атлетика бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Спорттың бұл түрімен айналысқаныма 9 жыл болды. Жеткендерім аз да көп те емес. Олимпиадаға дайындалдым. Бірақ дәл соңғы уақытта бармайтыным мәлім болды. Допинг дауына байланысты Қазақстанға берілген 6 лицензияның бірі шегерілді. Болашағым алда ғой. Енді әлем чемпионатына дайындықты бастаймын. Өңірде спортпен айналысатын ұл-қыздардың көптігі қуантады.

Ауыр атлетика бойынша өңірдің бас жаттықтырушысы Эрик Алибаев шәкіртімен мақтанады. Рио-де Жанейроға барғанда қола қанжығалап келер еді,- дейді ол. Ауыл баласы – Айдар кішкентайынан спортқа ден қойып, Петропавл қаласына келуді армандапты. Арманшыл бозбала ендігі әлемнің 10-нан артық еліндегі байрақты бәсекеде ел туын желбіретіп үлгерді. Бүгін ол артынан табандап келе жатқұан ұл-қыздарға шеберлік сыныбын көрсетті. Сұрақтарына жауап берді.

Алина Колиушко, М.Жұмабаев ауданы :

– Маған бұл жерде өте ұнайды. Ғ.Мүсірепов ауданынан келдім. Мен кішкентай болсам да осы үлкен күш-жігерді талап ететін спорт түрін таңдадым. Жетістікке жеткім келеді. Айдар аға сияқты әлемді аралағым келеді.

Дмитрий Головин, СҚО спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернаты тәрбиеленушісі:

– Мен осы спорт түрімен үш жылдан бері айналысып жүрмін. Мен де Айдар Қазов сияқты 15 жасымда спорт шебері атағын алдым. Жаттықтырушымыз сенен көп үміт күтемін дейді. Сондықтан барымды салып жаттыға беремін.

Бүгінде спорт интернатта ауыр атлетика десе ішкен асын жерге қоятын 30-ға жуық тәрбиеленуші бар. Өңірдегі спорттың дамуына үлес қосамын деген тілекпен, осы жердің түлегі Ренат Баударбеков Алматыдағы оқуын аяқтай сала туған жеріне оралыпты.

Ренат Баударбеков, СҚО спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернаты жаттықтырушысы:

– Солтүстікқазақстан жақсы спортшыларды дайындаймын деп ойлаймын. Спортшыларым Айдардың жетістігене жетеді деген үміттемін. Қазір жазда техникалық жаттығуларды арттырып жатырмыз.

Айдар Қазов – жеткіншектерге алдарына мақсат қойып – оған жету жолында талмай еңбектену керектігін айтты.

Акбопе Танирберген