МТРА жаңалықтары

Петропавлда жылу есептегіш құрылғыларын орнату жоспары 36 пайыз орындалды

Монополистердің сөзінше, тұрғындардың біразы жылу есептегіш құрылғысын орнатуға асықпайды. Сондықтан да халық арасында түсіндіру шаралары күшейтіліп, құрылғының тиімділігі туралы айтылуда.

Анатолий Мишин, Петропавл қаласы әкімінің кеңесшісі:


– Біріншіден, жылу есептегіш құралғысын орнатудың арқасында азаматтар нақты тұтынған жылуы үшін ғана ақша төлейді. Себебі аспап даладағы температураға сай үйдің ішіндегі жылуды автоматты түрде реттеп отырады. Екіншіден, сіздер жылуды мөлшерімен қолдансаңыздар, жылу электр орталығының да шығыны төмендер еді.

Үйлерде жылу есептегіш құрылғысын орнатпас бұрын жертөледегі құбырларды қалыпқа келтіріп, подъездегі есік, терезелерді қымтау керек. Және жылу жүйелерін уақытылы жуып-шаю маңызды. “Таң нұры Петропавл” ПИК төрағасы Күшқайрат Құсайынов осыдан екі жыл бұрын көршілерін құрылғыны орнатуға әрең дегенде көндіріпті. Есесіне, қазір тұрғындардың алғысын алып отырмын дейді.

Күшқайрат Құсайынов – “Таң нұры Петропавл” ПИК төрағасы:

Жылу құрылғысын орнатқалы бері баспана иелері жеңілдікті сезіне бастады. Қазір біз әр шаршы метіріне орташа есеппен алғанда 63 теңге төлейміз

Екі жылдың ішінде қаладағы 537 көпқабатты үйге жылу есептегіш құрылғысын орнату үшін ел қазынасынан 386 млн теңге бөлінген болатын. Ол қаражат жыл соңына дейін толығымен игерілмесе, мемлекетке қайтарылады. Тиісінше, кеш ойланып, соңында шешім қабылдаған азаматтар құрылғының ақшасын 4 жылға бөліп төлеу жеңілдігінен айрылуы мүмкін.

Мағауия Сағандықов – “Севказэнергосбыт” ЖШС бас директоры:


– Бұл мақсатқа ел қазынасынан өңірімізге қайтарымды негізде 386 млн теңге бөлінді. Егер қаражат жыл соңына игерілмесе, мемлекетке қайтарылады. Одан кейін келесі 2017 жылы тұрғындар жылу есептегіш құрылғысын несиеге ала алмайды. Бір аспаптың құны 750 мың теңгенің маңайында. Ол ақшаны бір жылдың ішінде жинап беру кейбіреуі үшін қиынға соғады.

Бекітілген заңға сәйкес, 2017 жылдан бастап жылуға дифференциалдық тариф енгізіледі. Сол кезде жылу есептегіш құрылғысын орнатпағандар екі есе ұтылады.

Берік Қасен