Құқық қорғау органдары

4 ай бойы алаяқтық жасап тұрғындарды алдап соққан облыс тұрғыны ұсталды

Жерлестеріміз интернет желісіне темір тұлпарларын сату немесе оны жалға беру туралы хабарландыру жариялаған. Кейін, көлік иелерінің барлығынан бір адам машиналарды сатып алуға қатысты заңгер арқылы келісім-шарт жасасқан. Бекітілген құжаттар бойынша автокөлік иесіне ай сайын белгілі бір сома төлеп отыруы тиіс болған. Алайда, сатып алушы ер адам екі ай өткен соң қажетті ақшаны өтемей ұшты-күйлі жоғалған.

Жәбірленуші:


–  Көлігімді сатқым келді. Ол туралы хабарландыруды ғаламтор арқылы жарияладым. Біраз уақыттан соң, өзін Вадим деп таныстырған ер адам хабарласып, «Мазда» маркалы машинамды алатынын айтты. Кездесіп, темір тұлпарымды көрсеттім. Көлігім өзіне ұнап ақшасын бөліп төлеу туралы шешімге келдік. Кейін, ол маған екі ай ғана қарызын беріп, жоғалып кетті. Осыдан соң, мен полицияға жүгінуді жөн көрдім.

Аталған фактілерден соң тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шараларын ұйымдастырды. Нәтижесінде полицейлер қылмыс жасаған күдіктіні қолға түсірді. Ол 26 жастағы ешқайда жұмыс істемейтін облыс тұрғыны болып шықты. Бүгінгі таңда оның 16 алаяқтық фактісіне қатысы бар екені белгілі болды.

Күдікті:

– Көлікті алып, бірінші, екінші, үшінші айларын төлеп жүрдім. Мамыр айында қаражатым таусылып, төлеуге мүмкіндік болмай қалды.

Серік Әлжанов – Петропавл қ. ІІБ криминалдық полиция бөлімі бастығының орынбасары:

– Күдіктінің жасаған алаяқтық ісіне қатысты қазір қылмыстық іс қозғалды. Тексеріс жұмыстары жүргізілуде.

Осындай жағдайға тап болып, сан соққан азаматтар болса, полицейлер Петропавл қаласының Ішкі істер басқармасына не болмаса 102 номеріне хабарласуды сұрайды.

Култанов Байболат