Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге ауыл шаруалығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов келді

Бұл жұмысты диқандарымыз бастап та кеткен. Бүгіндері аймақтағы шаруашылықтар күздік дақылдардың 60 пайызын шапқан. Кейбірі сұлы, арпаны құлатып бастапты. Ол жайында жиылғандарды облысымыздың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров құлағдар етті.

Қайрат Омаров- СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Тамыз айынан өңір агроқұрылымдары күздік және жаздық дақылдарды оруға кірісті. Алғашқысы 23,2 мың гектар жерде шабылды. 15,4 мың гектар астық бастырылып, 19,3 мың тоннасы соқтырылды. Шығымдылығы гектарынан 12,5 центнерді құрайды. Жаздық дақылдар да 10 мың гектардан астам жерде шабылды. Мұндағы гектар берекелігі 24,5 центнерден айналуда.

Жұртшылық дәл қауырт маусым басталарда дизелдік отын бағасы көтерілді деп те біраз дүрліккені рас. Бірақ шаруаларға қобалжуға негіз жоқ.

Қайрат Айтуғанов- ҚР ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі:

– Қазақстан бойынша 392 мың тонна дизелдік отын бөлінді. Оның бағасы орташа 92 теңге. Ол нарықтық бағадан шаруашылықтар үшін 10-15 пайызға төмендеу.

Кейін саладағы заңнамаға енгізілген жаңашылдықтар талқыланды. Енді нан қабылдау қосынына апарылған астыққа бұрынғыдай қағаз емес, электронды қолхат ұсыну қажет. Оны интернет болса, үйде отырып-ақ жасауға болады. Бұл жоба жасаушылардың пікірінше, аграрийлердің уақытын үнемдеуге, екіншіден заман көшінен қалмауға, үшіншіден нақты түскен астықтың көлемін есептеуге мүмкіндік береді. Бірақ, диқандар жаңашылықты биылдан қолдану ерте дейді.

Еркебұлан Мәмбетов- “Мәмбетов и К” КС бас директоры, Мамлют ауданы:

–  Компаниямыз кішкентай емес, сондықтан интернет те жаңашылдықты енгізіп, жұмыс істейтін мамандар да бар. Бірақ мен өзім үшін емес, шағын шаруашылықты басқаратындардың базынасын айтайын. Олардлың кейбірі тұратын ауылда интернет жоқ. Мобильді байланыстың қандай түрі болсын ұстамайды. Сонда олар не істеуі керек? Ол егінін ора ма әлде, интернет іздеп күні-түні сол мәселені шешіп жүреді ме?

Геннадий Зенченко – “Зенченко и К” КС директоры, Қызылжар ауданы:

– Қазір шаруалар орақ науқанына шығуға әзір. Неліктен жарты жыл не 2-3 ай бұрын бұл жаңашылдық түсіндірілмеді. Дәл науқан алдында келіп отырсыздар. Біз Ресеймен көршілес жатқан өңірміз. Сондықтан егер бұл өзгеріспен қиындық туындап жатса, аграрийлер астықты ресейге өткізіп жіберуі мүмкін. Ал бұл нан өзге елге кетеді деген сөз. Биыл ескі жүйемен жұмыс істеп, қағаз қолхаттарды қалдырайық. Ал ендігі жалдан бастиап жаңашылдықты үйреніп, соған көшейік.

Бұл сұрақтардың біріне де жобаны жасаушылар, астаналық «Ақпараттық-есептік орталық» АҚ қызметкерлері жөнді жауап қайтара алмады. Ол түсінікті де, өйткені жаңашылдықтың әлі шикі тұстары көп. Сондықтан оны аграрийлермен қызу талқылап алмай, бастарынан жай түсіргендей, дәл орақ науқанының алдында енгізгені жөн болмады. Мамандар сондықтанда ертерек келіп тың жобаны айтып отырмыз дейді. Сондағы ерте дегені, қауырт маусымға 10 күн қалғанда келіп шаруалардың басын қосқандары. Бұл да ала жаздай дән сіңіріп, оны оруға кіріскелі жатқан диқандардың наразылығын тудырды. Залда кәдімгідей қызу пікірталас орын алды. Осыдан-ақ, шаруалардың мұнымен келіспейтіндігі аңғарылды.

Қайрат Айтуғанов- ҚР ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі:

–  Заң қабылданды. Сондықтан оны орындау керек. Сұрақтар көп, біз соларға жауап беріп жатырмыз.

Тағы жиында бидай бағасын белгілеу мәселесіне қатысты ұсыныс айтылды.

Геннадий Зенченко – “Зенченко и К” КС директоры, Қызылжар ауданы:

– Азық түлік келісімшарт корпорациясы» ертерек астықты сатып алу бағасын жарияласа екен деген ұсыныс бар. Олар дәл қараша айында бағаны жариялайды. Бұл біздер үшін тиімсіз. Біз қандай бағамен бастап жұмыс істейтіндігімізді білгіміз келеді. Ал біз болсақ, жылда астықты алып алып, кейін бағаны тосып отырамыз. Көршілес Ресейліктер бағаны баяғыдан жариялап қойған.

Тағы аграийлер гектарлық субсидиялау жайын көтерді.

Айдарбек Сапаров- СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Тамыздың 20-нан кейін гектарлық субсидияларды төлей бастаймыз. Сондықтан агроқұрылым басшылары тезірек аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдеріне өтініштеріңізді беріңіздер. Уақытты созбаңыздар.

Кездесуде бұдан да бөлек шаруаларды мазалап жүрген түрлі сауалдар қозғалды. Олардың барлығы алдағы уақытта ескерусіз қалмайтындығына сенім мол.

 

Магжан Ахмадина