МТРА жаңалықтары

Биыл “Жасыл ел” жасағы мен студенттік құрылыс отрядтарында 435 солтүстікқазақстандық еңбек етеді

Олар осыдан 11 жыл бұрын Елбасы бастамасымен құрылған “Жасыл ел” еңбек жасағының маңыздылығын уақыт дәлелдеп отыр дейді.

Әсем Рахметова – СҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы:

– Елімізде мыңдаған жастар республикалық жобаға қатысып, мыңдаған гектардағы орманға күтім жасады. Қалалардағы көшелер мен саябақтарды тазартуға өз үлестірн қосты.

Биыл “Жасыл ел” жалпыұлттық қозғалысы аясында маусымдық жұмыстарға барлығы 435 теріскейлік тартылады. Бүгінде оның 400-ден астамы облыс аумағындағы орман шаруашылықтары мен құрылыс алаңдарында еңбек етуде. Ал, қалған 30 белсенді ұл-қыз қазан айына дейін еңбекпен қамтылатын болады.

Асқар Баймұқанов – СҚО “Жасыл ел” шатабының жетекшісі:

– Осы жылы “Жасыл ел” жалпыұлттық қозғалысы аясында жоспарлы 435 сарбаздың 405-і жұмысқа орналасты. Қалған 30-ы қыркүйек, қазан айларында жұмысқа кірісіп, қала көшелерін, саябақтар мен гүлзарларды тазалайды. Бұл шараға 15 кәсіпорын атсалысуда. Орманда жұмыс істегендер 45 мың теңге, құрылыс алаңдарында еңбек еткендер 56 мың теңге алады.

Дәулет Хамитов – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің 4-курс студенті. Жас жігіт жазғы демалысын «Жасыл ел» еңбек отрядының қатарында өткізуді жөн санапты.

Дәулет Хамитов – “Жасыл ел” еңбек жасағының сарбазы, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Өңір ормандарындағы жұмыстарға өз үлесімді қосып жатқаныма қуаныштымын. Өзім қатарлас жастармен жұмыс жасаймын. Уақыт көңілді өтеді. Сәйкесінше, жаман әдеттерден де аулақ боламыз.

Мемлекеттік орман шаруашылықтары мен құрылыс алаңдарына 16 мен 29 жас аралығындағы белсенділер жұмылдырылған. Олар мектеп оқушылары, студенттер мен жұмыссыз жүрген жастар. Біразы тұқымбақтарда жас көшеттерді отырғызады, жабайы аңдардың қысқы жем-азығын даярлайды, ағаш зиянкестерін улау жұмыстарына араласады және қылқан жапырақты ағаштардың астыңғы бөлігінде жерге тиіп тұрған артық бұталарды кесіп тастайды. Бұл шаралар өрттің алдын алу үшін керек.

Берік Қасен