Аптадағы маңызды жаңалықтар

Дала өркенитенің бастауы саналатын Ботай мәдениеті жайлы деректі фильм түсірілуде

Энеолит дәуіріне жататын Ботай тұрағы 20 гектар аумақты алып жатыр. Қоныс шамамен бір ғасырдан артық уақыт өмір сүрген. Қазба жұмыстары мұнда жыл сайын жүргізіледі. Археологтар көбіне қыш құмыралар, ыдыс-аяқтар мен жылқының сүйегін көптеп табады. Адамдыкі сирек кездеседі дейді. Дегенменде, Ботай қонысын алғаш ашқан Виктор Зайберт мамыр айында осы тұрақты мекен еткен жанның сүйегін тауыпты.

Виктор Зайберт – тарих ғылымдарының докторы:

– Мен бұл мәйітті тапқанда өзімнің шетелдік әріптестеріме хабарластым. Олар оны қайта көміп, осында келулерін күтуді сұрады. Себебі, жер астынан қазып алынған сүйектің гендік ақпараттары бүлініп қалуы мүмкін. Оны бірден зертханаға жөнелту қажет. Енді оның жасын, жынысын мамандар анықтайтын болады. Бірақ тістеріне қарап ересек екенін айта аламын. Ол бай-шонжарлардың отбасысынан шыққан емес.

Бұл тұрақтағы қазба жұмыстары басталғалы 9 жерленген мәйіт табылды. Бір ботайлықтың бас сүйегінде тесік болған екен. Бұл қонысты мекендеген тайпалықтардың медицинаны меңгергендіктерінде дәлелдейді. Ботай мәдениетіне еліміздің ғана емес сонымен қатар шетелдердің де ғалымдары қызуғышылық танытады. Осы аптада тұрақты зерттеуге Канада, Дания, Ұлыбритания, Франция елдерінен археолог, генетиктер келген.

Алан Оутрам – полеозоолог, Ұлыбритания:

– Менің мамандығым зооархеология. Бұл жылқының адам өмірінде алатын рөлін зерттейтін ғылымның бір түрі. Өздеріңіз білетіндей қамбар ата төлі алғаш рет Ботайда үйретілді. Сол себепті маған осы тұрақты зерттеу маңызды. Өйткені бұл қоныс дала өркенитенің бастауында тұр. Мұндағы археолог-ғалымдармен жұмыс жасауы жеңіл. Виктор Зайбертпен бұған дейінде қазба жұмыстарын жүргізгенбіз.

Құнды мәдениеттің жасырған сыры әлі жетерлік. Оларды ашуға көптеген уақыт қажет етеді. Осы жолғы кезекті экспедицияға Литва Республикасынан Элина Ананьевская да келген. Зооархеолог Ботай тұрағына осымен бесінші рет ат басын бұрып отыр. Айтуынша, мұндағы құнды жәдігерлерді зерттеуге қызығушылығы ерекше артады.

Элина Ананьевская – зооархеолог, Литва Республикасы:

– Алдыңғы жылдары біз мұнда жылқыларды қамауға арналған қашаны таптық. Әрине көп бөлігі бүлінген. Өйткені көптеген мыңжылдықтар өтті. Сонымен қатар түрлі жәдігерлерді таптық.

Ботай қонысы түсірілім алаңына айналды. Мұнда әйгілі канадалық “Clearwater Documentary” телекомпаниясы продюсер Найоби Томпсонның жетекшілігімен жылқы мен адам арасындағы қарым-қатынас жайлы деректі фильм түсіруде. Себебі дәл осы қонысты мекендеген ата-бабаларымыз алғашқы болып асауға ауыздық салған болатын. Бұл дала өркениетінің дамуына үлкен серпіліс берген екен.

Найоби Томпсон – “Clearwater Documentary” телекомпаниясының продюсері, Канада:

– Бұл фильм 3 бөлімнен тұратын болады. Оны бүкіл әлем бойынша түсіреміз. Бірақ жылқы мен адам арасындағы қарым-қатынастың тарихы Солтүстік Қазақстанда, жазық далада басталады. Ботайлықтар әлемде ең алғашқылардың бірі болып атқа отырды. Осыдан кейін барлық өркениет басталды. Діттеген жерге жылдам жетуге мүмкіндік туды. Бұл адамның тағдырын түбегейлі өзгертті.

Ботай қонысындағы түсірілімдер 5 күнге жалғасады. Бұдан кейін канадалық мамандар Англия мен Монғолияға аттанады. Фильмнің бюджеті 3,5 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл жоба жайында қазақстандықтарда құлағдар болу үшін “Қазақ географиялық қоғамы” қоғамдық бірлестігі Ботайдың өзінде баспасөз мәслихатын ұйымдастырды.

Нұрбол Баймұханов – “Қазақ географиялық қоғамы” ҚБ төралқа мүшесі, Астана қаласы:

– Ботайда тұрған адамдардың гені қазір бүкіл әлемге тараған. Қазір осында шетелден ғалымдар келіп отыр. Барлығын мойындап отыр. Ботай тұрағын зерттеуде тың технологиялардың барлығы қолданылатын болады.

Енді бұл деректі фильм екі-үш жылдан кейін жарыққа шығады. Оның премьерасы ең бірінші кезекте Канада, АҚШ, Франция және де Германия елдерінде өтеді. Ал бұл фильм қазақ және де орыс тілдерінде 2019-шы жылы қазақстандық көрермендерге жол тартады деп жоспарлануда.

 

Риат Шони