Қоғам

“Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасының аудандарда орындалуы

Василий Чайкин – “Тайынша психоневрологиялық интернат -үйі” КММ директоры, Тайынша ауданы:

– 1-ші, 2-ші топтағы мүгедектер кәмелет жасынан бастап өмір бақи осында тұрады. Барлығы 470 адам. Ем қабылдайтындардың біразы орта жаста. Ең үлкені 87-ге аяқ басты. Оларға бейнелеу өнері, қолөнер, іс тігу сынды терапияның 8 түрі бойынша қызмет көрсетіледі. Кейбіреуі шығармашылықпен айналысады. Бос уақыттарында аулаға шығып, бау-бақшадағы көкөністерді суарады, жеміс-жидек ағаштарын күтіп-баптайды.

Осылайша, дамуы жағынан артта қалған жарымжандар күндерін пайдалы іспен өткізеді. Мұнда егде жастан асқан қызмет алушыларға сыртқа шығуға рұқсат беріледі. Олар көбінесе Тайынша қаласындағы мешітке баруды әдетке айналдырған. Алла үйінде туысқандарының амандығы үшін дұға тілейді. Интернат әкімшілігінің айтуына қарағанда, көбінің туысқандары ұстамасы бар жақынын үйінде байлап бақпақ түгілі, жарымжанды ақтық сапарға шығарып салуға да келмейді екен. Айтпақшы, биыл мұнда ауқымды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.

Тайынша психоневрологиялық интернат -үйінің іргетасы 26 жыл бұрын қаланған екен. Содан бері сырты бір-ақ рет сырланыпты. Биыл енді “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында 101 млн теңге бөлініп, ол қаражатқа ғимараттың қасбеті жаңадан сыланып, сырты боялуда және барлық қабаттағы кабинеттерге пластикалық терезелер орнатылуда. Барлық шаруаны көкшетаулық мердігер компания атқаруда.

Мұхтар Касманов – “УК Строй” ЖШС шебері, Көкшетау қаласы:

– Ұжымдағы 56 еңбеккердің 50 пайызы мемлекеттік бағдарлама бойынша уақытша жұмысқа орналасқан. Олардың айлықтары 45 мың теңгеден төмен емес. Шаруаны қыркүйек айынының ортасында бітірмекшіміз.

Мұндағы жұмыстың сапалы орындалуын ара-тұра құзырлы органдардың мамандары мен “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалының бақылау тобы тексеріп кетеді дейді медігерлер.
Биыл “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында Тайынша ауданындағы орталық аурухана мен ауылдардағы 3 бірдей мектеп ағымдағы және күрделі жөндеуден өтпек. Және жергілікті маңыздағы жолдар да қалыпқа келтірілмек.

Татьяна Бондарь – Тайынша аудандық жұмыспен қамту орталығы директорынының міндетін атқарушы:

– Биыл бағдарламаның 1-ші бағыты бойынша елдімекендерді абаттандыру бойынша 27 жоба жүзеге асырылады. Жергілікті маңыздағы жолдар жөнделіп, балалар алаңқайы тұрғызылады. Зеленый гай селосында субұрқақ салу жоспарда бар.

Тайынша ауданында жергілікті маңызы бар жолдарды қалыпқа келтіру жұмыстарына Ұлттық қордан 230 млн теңге бөлініпті.

Берік Қасен