Энергетика

“Севказэнергосбыт” ЖШС -гі қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге 65,2 млн теңге жұмсайды

Баспасөз туры барысында зейнеткерлер, мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдеріне 2013 жылдан жұмысын бастаған байланыс орталығы таныстырылды. Мұндағы 8 оператор таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін, яғни бір ауысымда 3 500-ге жуық қоңырауды қабылдай алады.

Анастасия Квашнина – “Севказэнергосбыт” ЖШС байланыс орталығы жетекшісінің міндетін атқарушы:

– Біздің СаІІ-орталыққа 500-666 нөмірі бойынша қоңырау шалуға болады. Бір мезетте 8 адамның қоңырауын қабылдап, клиенттердің электр және жылумен қамтуға қатысты кез келген сұрағына жауап береміз. Сондай-ақ, қала тұрғындары мекемеміздің сайтындағы “Жеке кабинет”-ке тіркеле алады.

Бүгінде серіктестік сайтындағы “Жеке кабинет “- ке 3000-ға жуық петропавлдықтұтынушы тіркеліпті. Жыл соңына дейін бұл қызмет өңірдің 8 ауданында да қолжетімді болмақ. Тоқ етерін айтқанда, “Севказэнергосбыт” ЖШС-гі жеке қаражаттары есебінен қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырта бермекші. 2014 – 2015 жылдарда бұл мақсатқа компания 15,7 млн теңге жұмсапты.

Мағауия Сағандықов – “Севказэнергосбыт” ЖШС бас директоры:

– Қазіргі таңда 2016 – 2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама түзіліп, бекітілді. Оның жалпы құны 65,2 млн теңгені құрайды. Бұл қаражаттың басым бөлігін біз әдеттегідей компьютер, принтер тағы да басқа жабдықтарды алуға жұмсамақшымыз. Осылайша, біз қызмет көрсету сапасын одан әрі жетілдірмекшіміз.

Бүгінде “Севказэнергосбыт” ЖШС-гінің қызметін 23 мыңға жуық солтүстікқазақстандық алады. Жерлестеріміз компанияның жұмысына оң бағасын беріп, қызмет көрсету сапасының жақсарғандығын растайды.

– Бұрын мұнда қызмет көрсету сапасы онша болмайтын. Кәрі адамдар біраз уақыт кезектерін тосып тұратын. Осының салдарынан жастар да жұмыс аралығында жүгіріп келіп, коммуналдық қарыздарын да төлей алмай кері қайтатын. Қазір қызмет сапасы анағұрлым жақсарды. Мамандар жылдам қызмет көрсетеді. Сәйкесінше, ұзын сонар кезек жоқ.

Аталмыш серіктестік бүгінде ПИК-термен де тығыз жұмыс жасауға көшкен. Алдағы уақытта ПИК-терінде есепшілер болмауы мүмкін.

Берік Қасен