Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар күшейтілуде

Дулат Тайшабай- ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі СҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы:

– Жыл басынан 5 мемлекеттік қызметші қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішкені, тағы 4-уі мас күйінде көлік тізгіндегені, 1 азамат қоғамдық орында темекі шеккені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олар еңбек ететін мемлекеттік орган басшыларына қызметшілері жұмыстан тыс уақытта әдеп кодексін бұзғандығы жөнінде хаттама жіберілді. Олардың барлығы тәртіптік кеңес отырысында қарастырылды.

Алдағы уақытта мұндай олқылықтарға жол бергендерді қатаң жаза күтіп тұр. Бұрындары осындай заңбұзушылықтар жасап, қызметін одан әрі жалғастыратындар алдағы уақытта жұмыстан босатылатын болады. Ішкі істер органдарында бұл жүйе бұрынан бері жұмыс істеп келеді.

Берік Біләлов- СҚО ІІД бастығы:

– Тәртіп сақшылары болсын, мемлекеттік қызметкерлер болсын, халыққа сапалы қызмет көрсетуі тиіс. Сондықтан біз осы мемлекеттік қызметші деген талапқа сай келмейтін адамдарды өзімізде ұстамаймыз. Біздің арамызда да заңбұзушылықтарға жол беретіндер бар. Бірақ олар бірден жұмыстан босатылады.

Жиынның басты мақсаты да осы. Ол – әдеп нормаларын түсіндіру.

Ғалым Тұрсынбаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Азаматтар мемлекеттік қызметкерлерге қарап, мемлекет, билік өкілдері туралы пікір қалыптастырады. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші моральдық-этикалық тұрғыдан жоғары деңгейде болуы керек. Әрине оларды бұзып жатқандар да кездеседі. Біз сондықтан осы профилактикалық жұмыстарды жүргізудеміз.

Алдағы уақытта мұндай кездесулер барлық аудандарда өткізілмек.

 

Магжан Ахмадина