Бизнес және экономика

Жыл басынан бері “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында 198 солтүстікқазақстандыққа шағын несие берілді

Өнербек Самомбетов – Мамлют аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы:

 


– Бағдарламаның шарты бойынша заемшыда ел аумағында кепілдікке қоятын жылжитын немесе жылжымайтын мүлігі болуы тиіс. Екіншіден, ол фискалды органдарда жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет. Жергілікті тұрғындар үшін 3 млн, ал өзге өңірлерден қоныс аударушылар мен оралмандарға 5 млн теңгеге дейін шағын несие беріледі. Қарызды 5 жылға бөліп төлеуге болады. Шағын несие тұрғын үй алу мен сауда-саттықтан басқа кәсіп түрінің барлығына жарамды.

“Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында жылдық 6 пайыз мөлшерлемесімен арзан несие алғандардың бірі Разалья Мендеева. Нәзік жанды аудан орталығында қоғамдық тамақтану орнын ашып, екі адамды жұмысқа алған.Іскер әйелдің дәмханасы орталықта орналасқан. Содан болар мелекеттік және қоғамдық ұйымдада жұмыс істейтін қызметкерлердің біразы осында келіп тамақтанады екен. Кәсібін дөңгелетіп, кірісін ұлғайтып алу үшін Разалья Мендееваға бір жыл үзіліс берілген.

Разалья Мендеева – жеке кәсіпкер, Мамлют ауданы:


– Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы бойынша жиһаздар мен асхана жабдықтарын сатып алу үшін 1 млн 800 мың теңге несие ресімдедім. Бірінші жылы маған жеңілдік жасалды. 6 ай қарызды төлеген жоқпын, екінші жартыжылдықта несиенің пайызын ғана өтедім. Ал негізгі қарызды екінші жылдан бастап қана төлей бастадым. Қазір қасымда екі көмекшім бар. Алда тағы екі аспазды тұрақты жұмысқа қабылдаймын.

Разалья Мендеева кезінде басқа кафеде аспазшы болып жұмыс істеген екен. Жеке кәсібін бастау жөніндегі ой оған бала күтімі бойынша еңбек демалысында жүргенде келіпті. Бір қызығы, Надежда Бикина да балалар алаңқайын ашуды бала күтімі бойынша еңбек демалысында жүргенде жоспарлапты. Нәзік жанды идеясын мемлекеттік бағдарламаның арқасында жүзеге асырапты.

Мамлютка қаласының балқайлары таңертең ұйқыдан тұра салысымен осында асығатын болыпты. Іскер әйелдің сөзіне қарағанда, күніне 40-қа жуық жеткіншек келеді екен.

Надежда Бикина – жеке кәсіпкер, Мамлют ауданы:


– Бастапқыда отағасы екеуімізге кәсіпті дөңгелету шамалы қиындау болатын. Бизнесте онсыз болмайды ғой. Міне, арты қайырлы болды. Мамлют қаласының балақайлары осында келіп ойнайды. Өз балам да батутта өзге балалармен асыр салады. Мұнда әзірге жолдасыммен жұмыс істеп жатырмын. Алдағы уақытта сатушы, күзетші мен ауланы жинайтын адамды жұмысқа аламын.

Тұрғындар болса Надеждаға алғыстарын айтуда. Алтын Ахмадиева жиеншары Аян мен қонаққа келген немерелерін осында әкеліп тұрамын дейді.

Жалпы “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында жыл басынан бері 198 солтүстікқазақстандық шағын несиеге қолжеткізіпті.

Гүлнар Шаймерденова – СҚО Жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының бөлім жетекшісі:


– Жыл басынан теріскейліктерге 475 млн теңгенің шағын несиесі берілді. Заемшылардың 65 пайызы несиені мал шаруашылығын дамытуға алды. Одан кейінгі орындарда қызмет көрсету саласы, өндіріс пен өсімдік шаруашылықтарына тиесілі.

Атқарылған жұмыстың нәтижесінде биыл 295 адам жұмыспен қамтылды.

Берік Қасен