МТРА жаңалықтары

Биыл Петропавлда 12,6 шақырым жылу құбыры жөнделеді

Қазір мамандар диаметрі 500 мм-лік құбырларды жаңасына алмастыруда. Олар сонау 1970 жылдардан бері жаңартылмапты. Салдарынан соңғы жылыту маусымдарында осы учаскеде аппаттық жағдайлар жиі орын алатын болған.

Александр Захарьян – “Петропавл жылу жүйелері” ЖШС бас инженері:


– Биыл инвестициялық бағдарлама аясында №15 жылу магистралінің 0,7 шақырымын алмастырамыз. Бұл құбырлардың пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен, 1995 жылы алмастырылуы керек еді. Құбырдың іші тот басып, қабырғалары 3 мм-ге дейін жұқарып қалған. Жылыту маусымы кезеңінде кез келген сәтте сыр беруі мүмкін. Қаламыздағы көп құбырлар 70-ші, 90-шы жылдары тартылған. Бүгінде барлығы жаңартуды қажет етеді.

Ал мынау – Васильев көшесі, 123 мекен жайындағы №20-шы сорғы станциясы. Мұнда тораптылық сорғылар қайта жаңғыртылып, қуаттылығы 2 есеге көбейтілді. Оған қоса маңайындағы тарату желілерінің диаметрі 200-ден 400 мм-ге дейін кеңейтілуде. Бұл Астана-Әуезов -Зауыт- Чайковский көшелеріндегі көпқабатты үйлерге жылуды біркелкі тасымалдауға мүмкіндік береді дейді монополистер. Жалпы биыл шаһардағы ұзындығы 12,6 шақырым болатын құбырларға ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізілмек.

Игорь Рыбас – “Петропавл жылу жүйелері” ЖШС бас директоры:


– Жалпы шаруаның 50 пайызы тындырылды. Қалада жылу құбырларынан бөлек сорғы станцияларын қалыпқа келтіреміз. Бұл мақсатқа 2,9 млрд теңге жұмсалады. Ол қаражат инвестициялық бағдарлама аясында, сондай-ақ, Еуропалық қайта құру және даму банкінен алынды. Мемлекет субсидиясы тағы бар. Жоспарланған жұмыстарды жылыту маусымына дейін аяқтаймыз.

Қазіргі таңда облыс орталығындағы жылу жүйелерінің тозу көрсеткіші 71 пайызды құрайды. Мамандар оны алдағы уақытта 66 пайызға төмендетуді көздеп отыр.

Берік Қасен