Ауыл шаруашылығы

Тайынша ауданының фермерлері мүйізді ірі қара мал басын асылдандыруға ден қоя бастады

Нұрлан Мергасимов – Тайынша ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі секторының меңгерушісі:

– Үстіміздегі жылы ауданда 25 мал шаруашылығы кооперативі құрылды. Олар да ірі қараны асылдандандыру ісіне ден қоя бастады. Ауданда етті және сүтті бағыттағы малдың басын мейлінше көбейту үшін жергілікті сиырларды асыл тұқымды абердин-ангус, герефорд бұқаларымен будандастырып жатырмыз.

Биыл Тайынша ауданындағы фермерлер Аграрлық несие корпорациясына “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 494 басқа 3 өтінім беріпті. Қазір өтініштер қарастырылуда. Негізі кәсіпкерлердің малдың өнімділігін арттыруға құлшынысы зор екен. Бірақ, көбінің банктен арзан несие алу үшін кепілдікке қояр дүние-мүлкі жетпей жатады.

Бұл жағдайда босқа қапаланбай, асыл тұқымды ірі қара сатып алғыңыз келсе, “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасына жүгінуге болады. Банктен жылдық 6 пайыз мөлшерлемесімен 3 млн теңге беріледі. Ол қарызды 5 жылға бөліп төлеуге мүмкіндік бар. Тағы бір жеңілдік – асыл тұқымды бұқаның әр басы мен олардың төліне мемлекеттен субсидия төленеді. Мемлекеттік қолдауға жүгінгендердің бірі – Гүлмира Токужинова. Нәзік жанды биыл ауыл шаруашылығы өндірістік копперативін құрып, оған 150 тұрғын мен 3 құрылтайшыны біріктірген.

Гүлмира Токужинова – “Токкожа” ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жетекшісі, Тайынша ауданы:

– Биыл ауылшаруашылығы кооперативін құрып, Ақмола облысынан 6 бас абердин-ангус бұқасын сатып алдым. Олар, міне ауыл малдарымен бірге өрісте жайылып жүр. Асыл тұқымды бұқаларды сатып алу, селекциялық жұмыстарды жүргізу және малдардың жем-азық қорын дайындау үшін мемлекеттен 4 млн 408 мың теңге субсидия берілді. Бұл – фермерлер үшін үлкен қолдау.

Гүлмира Токужинова 6 бас абердин-ангус пен бір герефорд бұқасын әр жерде жайылып жүрген табындарға қосқан. Осылайша, ол жергілікті сиырларды асыл тұқымды бұқалармен будандастырмақшы. Ал келесі жылы тұрғындар 6 айлық және бір жылдық төлдерін бордақылау алаңдарына тапсырып, пайда таба алады. Немесе етті бағыттағы малдың басын көбейтуге болады.

 

Берік Қасен