Құқық қорғау органдары

Петропавл гарнизонының әскери прокуратурасы бірінші жартыжылдықты қорытындылады

Талғат Бекбергенов – Петропавл гарнизонының әскери прокуроры:

– Ағымдағы жылдың 6 айында қылмыстық қудалау органдарында 52 қылмыстық іс қаралған. Оның 37-сі қылмыстық құрамның жоқ болуына байланысты тоқтатылды. Сонымен қатар, прокурорлық қадағалау актілері барысында 4 әскери қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Ағымдағы жылы мемлекеттік тапсырыс туралы заңды бұзған 3 басшы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 әскери адамның құқығы қайта қалпына келтіріліпті. Сонымен қатар, биыл Әскери институттың курсанттары арасында суицид фактісі мүлдем тіркелмеген.

Мұрат Шапашев – ҚР ҰҰ Әскери институты бастығының тәрбие ісі бойынша міндетін атқарушы:

– 2016 жылға арналған құқық бұзушылықтың алдын алу бағдарламасына сәйкес, біздің Әскери институтта суицидті анықтау бойынша үлкен шаралар атқарылуда. Ағымдағы жылы өз-өзіне қол жұмсауға қатысты біздің оқу орнында ешқандай факті орын алған жоқ. Ал былтыр психологиялық тестілеу арқылы біз суицидке баруы мүмкін деген қауіппен екі курсантты анықтадық. Қазір екеуі де арнайы тіркеуге енгізіліп, қатаң бақылауға алынды. Оқуларын әрі қарай жалғастыру үстінде.

Биыл әскери оқу-жаттығулар кезінде институтта жауынгерлік оқ-дәрілер үнемсіз жұмсалған. Яғни, 675 мың теңге шығындалып отыр. Жалпы заңбұзушылықтардың дені 2032 әскери бөлімінде орын алған екен. Сондай-ақ, өңір шекарашыларының біліктілікті заңсыз тағайындағандары анықталып отыр. Одан келген шығын құны 1 млн теңгені құраған. Бүгінде бұл сома өндіріліп алынды. Жалпы ағымдағы жылы прокурорлық қадағалау актілері бойынша мемлекет қазынасына 600 млн теңгеден астам қаражат қайтарылған.

 

Айгерим Ержанова