Білім

Қызылжар ауданына қарасты Байтерек ауылындағы 300 орындық мектеп қыркүйек айында қолданысқа тапсырылмақ

Барлық жұмыстар кестеге сай орындалу үшін облыс әкімі мұнда жаздың ортасында келіп мердігер компания басшысына жұмысшылардың санын арттыруды жүктеген болатын. Тапсырма орындалыпты.

Бөгенбай Мұсылманбеков – “Севимсталькон” ЖШС учаске жетекшісі:

– Мектепкетің ішіне су, жылу құбырлары мен электр сымдарын тарттық. Іште ұсақ-түйек жұмыстар қалды. Кестеге сай бітіреміз.

Бөгенбай Мұсылманбековтің айтуынша, қаражат пен материалдар жеткілікті. Бүгінде мектептің артына қазандық орнатылған. Жұмысшылардың бір тобы ішке жылу батареяларын жалғап жатса, басқалары қабырғаларды қырлап, сылауда. Ал сыртта мектепке барар жол қалпына келтіріліп, 1600 шаршы метрге асфальт төселуде. Шаруаның барлығына жиынтық құны 825 млн теңге бағытталған. Аталған сома “Ауылдық елдімекендерді дамыту” бағдарламасы аясында облыс қазынасынан бөлінген екен. Ғимарат осы айдың соңына дейін тапсырылуы тиіс. Сондықтан жұмыс қарқын алған.

Бүгінде Байтерек ауылында 0-мен 18 жас аралығында 500-ден астам бала тұрады.
Оның 313-і көршілес Бескөл ауылына күнде автобуспен қатынап, оқып жүрген болатын. 182 оқушы қазақ тілінде, 89-ы орыс тілінде білім алыпты. Биыл қыркүйек айына дейін салынып бітетін мына екі қабатты мектепте бұл ерекшеліктер сақталады. Яғни балалар екі тілде оқытылмақ. Өскелең ұрпақты 60-қа жуық педагог білім нәрімен сусындатпақ. Біразының біліктілігі жоғары, тәжірибелі дейді Қызылжар аудандық білім бөліміндегілер. Десе де мұғалімдер бекітілген талапқа сай тест тапсырып, сынақтан өтетін болады.

Көбеген Байдалин – Қызылжар аудандық білім бөлімінің бас маманы:

– Қазіргі таңда мұғалімдерден көп өтініш түсіп жатыр. Біразының еңбек өтілі көп, араларында жоғары санаттылары бар. Бұл аралас мектеп болады.

Білім ошағында орын жетіп жатса, бір бұрышынан 30 орынға шақталған шағын орталық немесе мектеп алды даярлық тобы ашылады деп күтілуде.

Берік Қасен