Денсаулық сақтау

Жыл басынан өңірде сальмонеллез ауруына шалдыққан 19 солтүстікқазақстандық тіркелді

Ол көбіне азық-түлік арқылы таралып, асқазан мен ішекті зақымдайды. Қазіргі таңда сальмонелла бактериясының 2000-нан астам түрі белгілі. Бұл ауруды көбіне төрт-түлік мал, құстар мен науқас адамдар тасымалдайды.

Фарида Мұхамеджанова – СҚО бойынша тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы:


–  Көбіне сальмонеллез ет тағамдары арқылы таралады. Әсіресе, өкпе-бауырдан жасалған шұжық, тартылған ет, тоңба сынды өнімдер қауіпті. Сонымен қатар, құс еті мен жұмыртаға жұғуы мүмкін. Оған қоса бактериялар сүтке де еніп кете алады.

Мамандар тұрғындарға бұл жұқпалы індеттен сақтану үшін азық-түлікті тек базар, дүкендерден алуға кеңес етеді. Өйткені далада сауда құратындардың тиісті құжаттары жоқ, және де арнайы тексерістен өтпеген дейді. Ал бұл ішек ауруларын жұқтырып алудың бірден-бір себебі.

Фарида Мұхамеджанова – СҚО бойынша тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы:


–  Бірінші жартыжылдықта облыста сальмонеллез ауруын жұқтырған 19 адам тіркелді. Арасында 5 бала бар. Ауырғандардың ең көбі Петропавл қаласында – 16 тұрғын. Бұл ішек ауруы болғандықтан ең әуелі адамның іші ауырады. Дене қызуы көтеріліп, құса бастайды. Бұндай кезде бірден дәрігерге қаралған жөн. Өйткені кішкентай балалар ауырса оның арты өлімге әкеп соқтыруы әбден мүмкін.

Ал далада көкөніс пен азық-түлік сатып, кәсіп қылғандарды бүгінде қаланың әр бұрышында кездестіруге болады. Нина Титова зейнеткер. Ол әрдайым өзінің саяжайындағы өнімдерді осында әкеліп саудалап, ақша табады. Өйткені алатын зейнетақым аз, ешқайда жетпейді дейді қарт әжей.

Нина Титова – зейнеткер:


–  Мен қазір тек шие мен тұшаланы ғана сатамын. Бұрын шалғамды да саудалайтынмын. Ол әзірге шыққан жоқ. Барлық өнімдер экологиялық таза, өз саяжайымнан терілген. Осылай сауда жасап ақша табамыз. Өйткені алатын зейнетақым міне, 46 мың теңге ғана. Коммуналдық қызметтерді төлеуге де жетпейді.

Шаһар тұрғындары болса азық-түлікті базарларда ғана алады екен. Өйткені ол жердегі өнімнің сапалы екеніне сенімдіміз дейді.

–  Далада саудалайтындар қатарға тізіліп отырады. Барлығы шаң-шаң болады. Тазалық жоқ. Сол себепті мен азық-түлікті тек базар мен дүкендерден аламын.

Жалпы далада азық-түлік саудалайтындармен жергілікті атқарушы билік күресуге міндетті. Алайда жаз аяқталмай бұндай кәсіпкерлердің ісі әлі де болса жалғаса беретін секілді.

 

Риат Шони