Әр түрлі

Қысқа отын даярлау науқаны жалғасуда

Дәл қазір, Қызылжар ауданы орман шаруашылығының қызметкерлері қалың ағаштардың арасынан желдің әсерінен құлап қалған, орман зиянкестері мен аурулары, тағы да басқа қолайсыз факторлардың әсерінен бүлінген қайыңдарды және көк теректерді белгілеуде. Осы ағаштардың біразы алдағы уақытта кесіліп, елдімекен тұрғындарына отын түрінде берілмек.

Юрий Корнев – “Соколовка орман шаруашылығы” КММ Нолобина орман шаруашылығының орманшысы:

– Біздің шаруашылықта 2 жер телімі бар. Мұнда 3 орманшы мен 1 ұста еңбектенеді. Қолдарымызға дәптер мен балта алып, 8 -ден 46-ға дейінгі диаметрлі әр ағашты белгілейміз. Олардың көлемін өлшеп, есептейміз.

Осы жылы аудан бойынша отын даярлауға белгіленген аумақ 36 мың шаршы метрді құрайды. Орманшылар бұл аумақтың аудан халқын қыс мезгілінде отынмен қамтамасыз етуге жеткілікті дейді.

Еркебұлан Байсмақов – “Соколовка орман шаруашылығы” КММ басшысының орынбасары:

– Биылғы жауын-шашынның салдарынан орман шаруашылығында қызмет ететін жұмысшылардың еңбектенуі қиындап кетті. Тіпті, облыс орталығындағы және Қызылжар ауданының кейбір орман алқаптарына көлікпен өту мүмкін емес. Дей тұрғанмен, жыл соңына дейін халықты отынмен толық қамтуға тиістіміз.

Соколовка орман шаруашылығының аумағы – 78 мың шаршы метрді алып жатыр. Ағаштары кесілген жерде бірер жылдан соң түбірлерден өрбіген жас өскіндер пайда болады. Сонымен қатар орманшылар көшеттер егу жұмыстарын да жүргізеді. Қазір уақытта олардың қарамағында бірнеше тұқымбақ бар екен.

Тоғжан Ақмағамбетова