Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық қоғамдық келісім кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

Жиналғандар алдымен өңір аудандарындағы қоғамдық келісім кеңестерінде атқарылып жатқан жұмыстарды саралады.

Арман Дүйсенбинов – Аққайың аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы:

– Биыл жарты жылдың ішінде Аққайың ауданында 4 іс сотқа дейін жеткізілмей, медиация жолымен шешіліпті. Артықшылығы сол, медиаторлардың төрелігіне жүгінген тұрғындар жанжалдасуын доғарып, татуласты. Оған қоса мемлекеттік баж салығына жұмсалатын 10 мың теңгеден астам қаражаттарын үнемдеп қалған. Сондай-ақ жыл басында ауданда “Аналар кеңесі”-не 10 адам жүгінді. Олардың отбасында жанжал туындаған.

Сондай-ақ, өңір аудандарында “Аналар кеңесі” бар. Аталмыш кеңестің жұмысы отбасылық жанжалдарды, тұрмыстық зорлық-зомбылықты доғаруға және тастанды балалардың санын азайтуға бағытталған. Жалпы бүгінде өңірімізде 48 қоғамдық келісім кеңесі тіркелген.

Наиль Салимов – облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:

– Қоғамдық келісім кеңестеріне үлкен жауапкершілік артылған. Биыл елбасы тапсырмасы бойынша, Қазақстан халқы ассамблеясына медиация, қайырымдылық жасау сынды жаңа функциялар берілді. Біз осы аталған міндеттерді жаңа деңгейге көтеріп, халықтың сенімін ақтауға тиістіміз.

Сондай-ақ кеңес отырысында өңірдегі діни ахуал, жолдардың сапасы жайлы айтылды.

Берік Қасен