Әр түрлі

Кәмелеттік жасқа толмағандармен жыныстық қатынасқа түскендер есепке алына бастады

Қазіргі таңда ел бойынша 1500-ға жуық адам кәмелеттік жасқа толмағандармен жыныстық қатынасқа түскені үшін есепте тұр. Оның 800-ден астамы қазір өз жазасын темір тордың ар жағында өтеуде. Ал 500-і бостандыққа шығыпты.

Айдар Мұқанов – Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнiң СҚО бойынша басқармасының бөлiм басшысы:


–  Арнайы есепті жүргізудің мақсаты ол мониторинг жасау. Анықтамалар әлі де болса толықтырылады. Кейін сараптамалар жүргізіп, қылмыстардың көбіне қай мезгілде жасалатындығы белгілі болады. Қай жас аралығындағы адамдар бұндай заңбұзушылыққа баратындығы анықталады. Жалпы бұның барлығы халыққа өте қажет.

Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап кәмелеттік жасқа толмағандармен жыныстық қатынасқа түскені үшін жауапкершілікке тартылғандарды есепке алумен қатар жазасын өтеп шыққандардың анықтамасы жазылған геокарта әзірленіпті. Бұл жаңашылдық әлемдік тәжірибеге сүйене отыра жасалған. Жоба әлі де болса толығу үстінде. Қазіргі таңда біздің өңірде кіші жастағы балаларды зорлағаны үшін 28 адам есепте тұр. Оның 26-сы өз жазасын өтеуде.

Айдар Мұқанов – Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнiң СҚО бойынша басқармасының бөлiм басшысы:

– Бұл картаға өз жазасын өтеп шыққандар жайлы толық ақпарат берілген. Олардың тұрақты мекен-жайы, аты-жөні, қандай қылмыс жасағандығы жазылған. Біздің облыс бойынша мұнда Петропавл қаласының екі тұрғыны енді. Ал жалпы ел бойынша кәмелеттік жасқа толмағандарды зорлағандар Қарағанды облысында көп. Саны 27.

Бұндай жаңашылдықтың енгізілуіне теріскейліктер қарсы емес. Керісінше ақпараттың қолжетімді болуы дұрыс дейді.

– Бұндай жаңашылдық әрине қажет. Өйткені балаларымды ол жаққа қыдыруға жіберуге болмайтынын білетін боламын.

Айта кету қажет, облысымызда соңғы екі жылда кәмелеттік жасқа толмағандармен жыныстық қатынасқа түсудің фактісі тіркелген жоқ.

 

Риат Шони