Білім

Биыл әр мектептің жеке бір үлгідегі формасы болады

Мұнда бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арнап күрең, жасыл, қара көк түсті мектеп формалары тігіледі. Ұлдар мен қыздардың талғамына сай келетін кереге көзді, бантигі бар 10 үлгі пішіледі.

Елена Кирьякова – “Сокирко С.Н.” ЖК директорының өндірістік ісі жөніндегі орынбасары:


– Былтырдан бері мектеп формасын тігуге маманданған тәжірибелі ресейлік фирмамен әріптес болдық. Сапасы жақсы маталарды солардан аламыз. Бізде таңдау жақсы. Баланың жасы мен дене пішініне сай кез-келген үлгіні тігіп береміз. Жыл басында алдын ала төлем жасағандарға жеңілдіктер қарастырылған. Яғни киімдер жиынтығы арзанға түседі. Біздің өнімді алыңдар деп ешкімді мәжбүрлеп жатқан жоқпыз.

“Северный” тұрмыстық үйінде орналасқан екі бірдей цехта 30 адам еңбек етеді. Олар күніне мектеп формасының 200 жиынтығын тігіп шығады екен. Өңірімізде аталмыш өнімге сұраныс жоғары. Жаңа оқу жылына дейін мұндағылар барлық аудан мектептері мен қаламыздағы 20 шақты білім ошағының тапсырысын орындап бітуі тиіс. Сондықтан жұмыс қызу жүріп жатыр.  

Қазақстандықтар отандық өнімді таңдауға басымдық беруі керек. Сонда ғана жеңіл өнеркәсіп дамып, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туады. Осы салада 20 жылдан астам еңбек өтілі бар ісмер Рәш Асылбаева осылай дейді.

Рәш Асылбаева -“Сокирко С.Н.” ЖК тігіншісі:


– Түрлі түсті мектеп формасын тігеміз. Сапасы жақсы. Мектептегі балларға ұнайды деп ойлаймын.

Бұл цехтың қожайыны Сергей Сокирко мемлекет қолдауын сезініп отырған жеке кәсіпкерлердің бірі. Нысанды жалдау құнының жартысын өтеу үшін оған ай сайын ел қазынасынан 200 мың теңге көлемінде субсидия беріліп тұрады.
Бүгінде “Сокирко” ЖК-нің “Сэнсфешн” сауда белгісімен шығарылып жатқан өнімі 4 сауда нүктесінде өткізіледі. Жаңа оқу жылының басталуына бір ай қалды. Тиісінше, ата-аналар да балаларын мектепке даярлап, ертерек қамдана бастапты.

Дина Нурушева – ата-ана, Қызылжар ауданының тұрғыны:


– Мен Бескөл ауылынан келдім. Маған мына формалар ұнап жатыр. Әдемі әрі ыңғайлы. Бізді мектеп әкімшілігі белгілі бір мектеп формасын сатып алыңдар деп қыстап жатқан жоқ. Бірақ мектептің бірыңғай формасы қара көк түсті болсын деп ескертті.

«Сокирко» ЖК-гінің цехында тігілген киім оқушыларға да ұнаған сияқты.

Валерия Сокирко, «БЭСТ» гимназиясының 5-сынып оқушысы:

– Маған мектеп формасы ұнайды. Жаңа оқу жылы тезірек басталса деймін. Былтыр мен мектепке сарофан кидім, биыл оны жакетке ауыстырмақшымын.

Валерия Яровая – оқушы:

– Былтыр мектеп формасының түсін өз қалауымызша таңдайтынбыз. Биыл мектеп әкімшілігі оған шектеу қойып отыр. Киімдер бір түсті болсын дейді. Мен қазір сарофан сатып алдым енді юбканы таңдаймын.

Бастауыш сынып оқушылары үшін мектеп формасының жиынтығы орташа есеппен 8000 теңге тұрса, жоғары сынып оқушылары үшін киімдердің бағасы екі есе көбірек.

Светлана Летучая- СҚО Білім басқармасының бөлім жетекшісі:

– Барлық ел бойынша оқушылар бір түсті мектеп формасын киеді деген қате түсінік. Баланың қандай үлгідегі киім киетінідігін ата-аналар комитеті шешеді. Тек түсі, үлгісі, белдемше мен кеудешенің ұзындығы стандартқа сай болуы тиіс. Ал, матасы жартылай жүн және мақтадан, үнемі киюге төзімді болғаны дұрыс

Ортақ шешім бойынша әр мектеп өз талғамдарына қарай бірыңғай киім тіктіреді. Өңір аудандары мен қалада мектеп формасын тігуге 20 шағын кәсіпорынға рұқсат беріліпті. Тауар өндірушілер өнімнің бағасын ата-аналар комитетінің келісімінсіз шарықтата алмайды.

Берік Қасен