Аптадағы маңызды жаңалықтар

Елімізде “Мектепке жол” акциясы бастау алды

Күлпәш Қалғожина, СҚО бiлiм басқармасы басшысының орынбасары:


– Өткен жылы 3243 балаға қазынадан бөлінген қаржыға, 7528-іне бюджеттен тыс қаражатқа көмек көрсетілді. Әлеуметтік жағдайы төмен, толымсыз отбасының балаларына 45 млн 815 теңгеге керек-жарақ әперілді. Бұл ретте демеушілердің үлесі зор.

«Мектепке жол» акциясының биылғы жылғы қатысушыларының тізімі әлі толық емес. Алдағы күндері әлеуметтік аз қамтылған балаларды мектепке даярлау үшін сауда орындарында гуманитарлық көмек бекеттері ұйымдастырылып, қауырт желі жұмыс жасайды. Олар киім кешек пен оқу құралына тиімді бағамен қол жеткізуі үшін арнайы жәрмеңке де өтетін болады. Айту керек, бір айдан кейін басталатын жаңа оқу жылында қала мектептерінде 20 мыңнан артық ұл-қыз білім алады.

Татьяна Протопопова, Петропавл қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Оның 1176-сы жетім және аз қамтылған отбасынан. Былтыр оларға 4 млн теңгеден артық қаржыға көмек көрсетілді. Ал, 2016 жылдың жоспары бойынша осы категорияға жатытын балаларға 61 млн 833 теңге қарастырылған. Жыл басталғалы, қаңтар айынан олардың бірқатарына ақшалай көмек көрсетіліп, киім мен аяқ киімге және жазғы сауықтыру лагерлеріне жолдама әперілді.

Бүгінгі жиында әлеуметтік жағдайы төмен балаларды қорғау мен бақылау жайы да сөз болды. Өткен жылы тәртіп сақшылары «Мектепке жол» акциясы аясында 2373 рейд жүргізіпті.

Сайран Саркенов, СҚО ІІД ювеналдық полиция бастығы:


– Біз облыстық білім басқармасымен бірлесіп әрқашан рейдтер өткіземіз. Қоғамдық көліктер, саяжай, сапаржайлар мен жертөлелерді тексердік. Нәтижесінде әлеуметтік жағдайлары төмен кәмелеттік жасқа толмаған 47 бала анықталды. Оның 39-ы Кәмелеттік жасқа толмағандармен жұмыс бөлімінде тіркеуде тұр. Себепсіз мектепке бармайтындары бар. Кейін олармен әлеуметтік педагог жұмыс жасайды.

Биыл да «Мектепке жол» акциясына әдеттегідей партия және қоғамдық ұйым мүшелері мен тәртіп сақшылары белсенді түрде ат салыспақ.

Акбопе Танирберген