Балалар

Қадағалаушы орган қызметкерлері жазғы сауықтыру лагерінде балалармен кездесті

Мұнда жыл сайын Соколовкадағы даму мүмкіндігі шектеулі жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатының тәрбиеленушілері тынығады. Олар жазғы демалыстарында спорттық ойындар ойнап қызықты өткізеді.

Қазір мұнда 40-тан астам ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала жазғы демалыстарын өткізуде. Солардың бірі, 17 жасар – Виктория Кондратюк. Бойжеткен жылда осы сауықтыру лагерінде тынығады екен.

Виктория Кондратюк – Соколовкадағы даму мүмкіндігі шектеулі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатының тәрбиеленушісі:

–  Жазғы демалыс өте жақсы өтуде. Осындай іс-шаралар біздің лагерде жиі өтіп тұрады. Әрқашан қызықты уақыт өткіземіз. Маған барлығы ұнайды.

Балғындардың бүгінгі қуаныштарына СҚО бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқармасының қызметкерлері де ортақтасты. Олар лагердегі демалушыларға тәтті-дәмділерін ала келіпті.

Махаббат Темірбекова – СҚО бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарма басшысының орынбасары:

– Біз өзіміздің қамқорлығымыздағы балаларға жиі келіп тұрамыз. Олармен әңгімелесіп, түрлі ойындар ойнаймыз. Әрқашан балаларға тәтті-дәмділер алып келеміз. Балаларды өзіміздің әзірлеген сыйлықтарымызбен қуантудан жалыққан емеспіз.

Ата-ана қамқорлығынсыз қалған жеткіншектер “Қыран” жазғы сауықтыру лагерінде қыркүйек айына дейін демалмақ.

Тогжан Акмагамбетова