Қайырымдылық

Полудино балалар үйінің тәрбиеленушілеріне сыйлықтар табысталды

Бүгін балақайлар үшін ерекше күн. Себебі, оларға бір ай бұрын облыс орталығындағы жастар бастамалары орталығының өкілдері қонаққа келген болатын. Бүлдіршін ұл-қыздар оларға өздерінің тілектерін қағазға жазып берген. Бүгін орталық жастары қағазға түртілген сыйлықтарды алып қайта келді. Балапандар ойыншықтарды тағатсыздлықпен күткен.

Бұрын мұндағы барлық 41 балаға ортақ бір ғана роликті коньки болған екен. Сондықтан. бірнеше бала өздеріне дәл осындай сыйлықты қалаған. Оның бірі – Анна Мурзина. Балалар үйінің 5 жылдан бергі тәрбиеленушісі бірден сыйлықты аяғына киіп, ойынның қызығына еніп кетті.

Анна Мурзина, Полудино балалар үйінің тәрбиеленушісі, М.Жұмабаев ауданы:

– Маған роликпен сырғанау ұнайды. Көңілді. Сұр мен қара түс араласқан. Өте әдемі. Аяғыма ыңғайлы.

Кішкентай Данил болса 7 жаста. Бүгін қолы жеткен роботының қызығына тоймай ойнап жүр. Ол балалар үйіндегі биылғы жылы мектепке баратын жалғыз бала. Тәрбиешілері ұжым болып оқуға даярлаймыз деп отыр. Данил кішкентай бауырымен мұнда 4 жыл бұрын келген. Әке-шешесі ата-аналық құқығынан айырылғалы балаларының жағдайын біліп мүлде келмеген. Көпшіл балақай бүгін қалаған сыйлығына қол жеткізгеніне дән риза.

Данил Вартик, Полудино балалар үйінің тәрбиеленушісі, М.Жұмабаев ауданы:


– Маған робот сыйлады. Өзі билейді, әдемі. Енді ол менің досым болады. Мұнда басқа да достарым көп. Жақында мектепке барамын. Тек 5-ке ғана оқитын боламын. Болашақта тракторист болғым келеді. Сондықтан, машиналарды жақсы көремін. Маған робот берген кісілерге көп рахмет.


Велсипед, самокат, қуыршақтар мен роботтар. Бүгін жастар бастамалары орталығы мұнда 40-тан астам сыйлық әкелді. Балалардың армандарына қол жеткізіп, езулеріне күлкі ұялатуға “Муниципалды телеарна”, “КазАвтоЖол”, “Цеснабанк” компаниялары мен қаладағы бірнеше денсаулық сақтау мекемелері ат салысқан. Олар балалар қағазға жазған сыйлықтардың ішіндегі көлемділерін сатып алып беріпті.

Роксана Орынбасарова, СҚО Жастар бастамалары орталығының ақпараттық-кеңес бөлiмiнiң жетекшiсi:

– Біз облыс ортағында “Армандар орындалады” акциясын өткіздік. Онда 39 баланың тілегін ағаш бейнесіндегі тақтаға ілдік. Демеушілер қолына түскен қағазда жазылған сыйлықтарды алып берді. Біз тек ұйымдастырушы ғанамыз. Тек соңғы екі күнде олардың қатарына тағы екі бала қосылған. Оларға да қосымша ойыншық алдық. Бүгінгі балалардың көңіл-күйін көріп қуандық. Қуаныш сыйлаған демеушілерге алғысымыз зор.

Бүгінде Мағжан Жұмабаев ауданындағы Полудино балалар үйінде 3-9 жас аралығындағы 41 бала тәрибеленуде. Олардың тағдырлары да әр қилы.

Асылтас Әлжанова, Полудино балалар үйі директорының орынбасары, М.Жұмабаев ауданы:


– Балалардың жағдайын жақсарта түсу үшін демеушілер мен ұйымдарды тартамыз. Осы арқылы олар өздеріне көңіл бөлінгенін байқайды. Өздерін ойлайтын жандардың барын сезінеді. Түрлі мейірімді жандармен кездеседі. Бүгін, міне балалардың бір тілектері орындалып жатыр.

Облыстық жастар бастамалары орталығына жиылған белсенді жастар өңірдегі өзге де ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленетін мекемелерде осындай шаралар ұйымдастыруды жалғастырмақ. Жерде бір жетім жұбанса, көкте мың періште қуанады дейді олар.

Акбопе Танирберген