Әр түрлі

Петропавлда заңсыз такси бизнесімен айналысып жүргендермен күрес басталды

Бұған дейін өткізілген шараның қорытындысы бойынша 30 көлік тоқтатылған. Оның тек 4-уінде ғана тиісті құжаттары болыпты. Ал қалғандарының жолаушы тасымалдауға құқығы жоқ.

Амир Баязитов – “Жолаушыларды тасымалдау қауымдастығы” ҚБ төрағасы:

– Бұған дейін өткізілген рейдтердің нәтижесі көңіл көншітпейді. Тоқтатылған әрбір жүргізушінің қолында қажетті құжаттары болмай шығады. Сондай-ақ, жүргізуші куәлігі мүлдем жоқ бола тұра, бірақ таксопаркта жұмыс істегендер де кездесті.

Рейд барысында “Жолаушыларды тасымалдау қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің өкілдері өздеріне такси шақыртып, оның нөмірін және маркасын телефон арқылы тәртіп сақшысына айтады. Кейін полицей дәл сол аталған көлікті тоқтатып, барлық құжаттарын тексереді.

Бұндай шараны заңды такси жүргізушілері қолдап отыр. Өйткені, жолаушы тасымалымен рұқсатсыз айналысатындар біздің бизниске кедергі келтіруде дейді.

Александр Марченко – такси жүргізушісі:


–  Бұндай шараның ұйымдастырылғанын мен қолдаймын. Өйткені, қазір екінің бірінде машина бар. Бос уақыттарында жолаушы тасымалдап ақша табады. Бірақ, заң бойынша оның тиісті құжаттары жоқ.

Жалпы тиісті құжатсыз жолаушы тасымалдаған жүргізушілер заң бойынша 50 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндетті. Бірақ, бүгінгі рейд шарасы, әзірге ескерту мақсатында 1 ай бойы өткізіледі. Ал бұдан кейін ұсталғандары жауапкершілікке тартылады.

Риат Шони