Құқық қорғау органдары

Өңір прокурорлары жарты жылдықты қорытындылады

Жалпы жыл басынан әлеуметтік-экономикалық саладағы тексеріс қорытындылары бойынша 10 сотқа дейінгі өндіріске бастамашылық жасалды. Солардың бірі – еңбек адамының құқығына қатысты. Қатарынан екі жерде, атап айтқанда Тайынша мен Ақжар аудандарында ауыл шаруашылығымен айналысқан серіктестік банкротқа ұшырап, жұмысшыларға тиісті қаражаттарын төлемеген. Қазір бұл іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Самат Темірбеков – СҚО прокуратурасы әлеуметтік-экономикалық саласы басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

– Жыл басынан қабылданған шаралардың арқасында 3054 еңбек адамының құқығы қорғалып, 195 млн теңгеден астам еңбекақы төленді. Жалпы, соңғы 6 ай ішінде 3452 бұзушылық анықталды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 47 млн теңгеге жуық айыппұл өндірілініп алынды.

Ал облыстағы криминогендік жағдай биыл 2,2%-ға төмендеген. Оның ішінде ауыр қылмыс саны сәйкес мерзіммен салыстырғанда 55-тен 34-ке дейін азайыпты.

Бақытжан Сәдібеков – СҚО прокуратурасы 2-ші басқармасының басшысы:

– Облыс бойынша криминогендік жағдай тіркелген қылмыстары саны 5642-ден 5517-ге дейін қысқарған. Аса ауыр емес қылмыстар 2,8 пайызға азайды.

Айту керек, ағымдағы жылдың 6 айында табиғатты қорғау саласында да бұзушылықтар анықталған. Осылайша, биыл жер қойнауын пайдаланушы 2 азамат әкімшілік жазаға тартылған. Нәтижесінде олардан 23 млн теңге өндіріліпті.

Жасұлан Смағұлов – облыстық мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры:

– Сонымен қатар, өңірде электро-қармақ жасау бойынша нұсқаулық беретін сайттар да тіркелді. Мұндай балық аулау құралы облысымыздың табиғатына кері әсерін тигізеді. Мәселен, ол радиусы 10 метр жердегі барлық тіршіліктің көзін жойады екен. Бұл сайттар шетелдік, яғни ресейіктерге тиесілі. Қазір біздің елімізде олардың қызметін пайдалануға тыйым салынды.

Айту керек, өңірде аталмыш электр-қармақтарды пайдалану фактісі әзірге тіркелмеген. Жалпы бұл 4 интернет-сайт елімізде 5 жылға жуық жұмыс жасаған.

 

Айгерим Ержанова