Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдіктің отырысында ведомстволардың басшылары бірінші жартыжылдықты қорытындылады

Ескен Әкімжанов – СҚО Қаржы басқармасының басшысы:

– 2016 жыл облыс бюджетінің кіріс бөлігі 112,2 пайызға орындалып, 7 млрд 766 млн теңге түсті. Сондай-ақ, өңір аудандары мен Петропавл қаласы бюджеттің кіріс бөлігін орындау бойынша көрсеткіштері жақсы. Жыл басынан бері қала мен аудандардың қазынасына 9 млрд 53 млн теңгеден астам қаржы түсті. Жоспар асыра орындалған. Яғни, біз күткен болжамнан 201 млн 400 мың теңгеге артық кіріс келді.

Кейін “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасының өңірімізде жүзеге асырылу барысы талқыланды. Жыл басынан бері мемлекеттің қолдауы аясында бөлінген бірінші транш – 467 млн теңге толығымен игеріліп, нәтижесінде 200-ге жуық іскер азамат арзан шағын несиеге қол жеткізіп, бірнеше адамды жұмысқа алған. Биыл “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасын жүзеге асыруға ел қазынасынан 4,4 млрд теңге бөлінге болатын. Бұл қаражат есебінен инфрақұрылымдық жобалар сәтті жүзеге асырылып, мыңдаған адам екі қолға бір күрек табуда. Оған қоса мемлекеттік бағдарламаның арқасында түрлі саланың мамандары біліктігін арттыруға мүмкіндік алып, аудандарда баспаналарға қол жеткізуде.

Жиын барысында ветеринар мамандар өңірдегі эпизоотикалық жағдай туралы айтты. Осы тұста облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров малдардан таралатын қауіпті індеттердің алдын алу үшін жол бекеттерінде бақылау күшейтілсін деді.

Айдарбек Сапаров – облыс әкімінің бірінші орынбасары:

– Үй жануарларынан тарайтын аурулардың алдын алып, мал санағын өткізіп, ортақ базаға енгізіңдер. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін және тұрғындарды түрлі кеселдерден қорғау мақсатында ветеринария бағытында жұмыс атқаратын жеке және заңды тұлғалардың ісін бақылауға алыңыздар. Қыркүйектің біріне дейін малдың жемтіктері көмілген аймақтар түгелімен қоршалсын.

Ветеринар мамандар рейд шараларын ұдайы өткізіп тұруы қажет. Және бұл жұмысқа жергілікті полиция қызметі жұмылуы тиіс деді Айдарбек Сапаров. Алдағы уақытта аудандарда мал сою қосындары мен ауру малдарды көметін жерлер тексеріледі. Осыған қатысты аудан әкімідерінің ауыл шаруалығы жөніндегі орынбасарларына бірқатар тапсырмалар жүктелді. Егер олар нұсқаулықтарды орындамаса әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айппұл төлеуге міндеттелмек.

Берік Қасен