Қоғам

Жергілікті қоғамдық кеңестер жартыжылдықты қорытындылады

Олар қоғамдық тыңдаулар өткізіп, тұрғындар тарапынан жиірек қозғалатын көкейкесті мәселелелерді билік басындағылар мен құзырлы органдарға жеткізеді. Ұдайы отырыстар ұйымдастырып, онда аудан, округ әкімдері мен аудандық, қалалық бөлім жетекшілерінің есебін де тыңдайды.

Бақытжан Сәмиева – Петропавл қалалық қоғамдық кеңесінің төрайымы:

– Жыл басынан бері Петропавл қалалық қоғамдық кеңесінде білім, спорт, мәдениет, денсаулық сақтау, тұрғын үй-комуналдық шаруашылығы бағытында атқарылған жұмыстар сараланды. Біз бөлім жетекшілеріне мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру жөнінде бірқатар ұсыныстар бердік. Жақында жеке меншік балабақшалардағы жан басына шаққандағы қаржыландыруды талқыладық. Алдағы уақытта балабақшаның қожайындарымен сөйлесіп, бағаны түсіруге кеңес бермекпіз.

Үстіміздегі жылдан бастап қоғамдық кеңестер аудандарда да жұмыс істеп тұр. Мәселен, жарты жылдың ішінде Қызылжар аудандық қоғамдық кеңес мүшелері елді мекен тұрғындарын қабылдап, олардың таза ауыз су, жол мәселесі және шағын мектептердің жабылуына қатысты шағымдарын тыңдапты.

Данияр Әбутәліп – Қызылжар аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы:

– Отырыстарда біз ұсақ қылмыстар мен айыппұлдарды төлеу жөнінде сұрақтарды талқылаймыз. Мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету бойынша аудандық бөлім жетекшілеріне ұсыныстар береміз.

Бұдан бөлек аудандардағы қоғамдық кеңестер қылмыстар санын азайту жөнінде жергілікті полиция қызметімен етене жұмыс атқаруда.

 

Берік Қасен